Алматылықтар Құрбан айтта көпшілік орындарға жиналмауы керек – эпидемиолог
Құрбандық шалу рәсімдері өтетін жерлерде және мешіттерде, әсіресе адамдар көп жиналатын жабық үй-жайларда маска тағу шарт
Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова брифинг барысында тұрғындарды Құрбан айт мерекесі кезінде санитарлық нормаларды сақтауға шақырды.
Оның айтуынша, қазір Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдай нашарлай түскен.
«Маусым айында мамырмен салыстырғанда ауру деңгейі 6,3 есеге артты (94-тен 595 жағдайға дейін). Тәулігіне КВИ-дің 100-ден 200-ге дейін жағдайы тіркеледі. Биылғы 3 шілдеден бастап ДСМ эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында қала «сары» аймақта тұр. Соңғы 6 айда қалада коронавирус 55 441 адамнан, шілдеде 773 тұрғыннан анықталды», - дейді Қарлығаш Әбдіжаббарова.
Сондықтан мұндай жағдайда сақтық шараларын ұмытуға болмайды.
Біз Құрбан айт мерекесі кезінде құрбандық шалу рәсімдері өтетін жерлерде және мешіттерде, әсіресе адамдар көп жиналатын жабық үй-жайларда барлық тұрғындарға маска тағуды ұсынамыз. Әлеуметтік қашықтықты сақтау, қолды жиі жуу, адамдар көп жиналатын орындарға бармау маңызды, - деді ол.
Сондай-ақ ол малды автокөліктерде және жеке үй иеліктерінде сатуға тыйым салды.
«Мал союды ұйымдастыру және мал сату ветеринариялық қызметтің ресми ветеринариялық-санитариялық қорытындысын алған сою пункттері мен алаңдарда (ветеринариялық қызмет бекіткен тізбеге сәйкес сою пункттері, аудандардағы алаңдар) жүргізілуі тиіс. Мал сою тек ветеринариялық анықтама болған жағдайда ғана жүргізілуі керек», - деді Қарлығаш Әбдіжаббарова.