Қаңтар оқиғасында зардап шеккен кәсіпкерлердің 14,5 млрд теңге шығыны өтелді
Бизнес өкілдерінің 1594 өтінімі мақұлданды
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаңтар оқиғаларының нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне төлем төлеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, жалпы 14,5 млрд теңгеге 1594 өтінім мақұлданды.
Шағын және орта бизнес – қала экономикасының негізі. Онда еңбекке қабілетті халықтың 64%-ы жұмыс істейді. Сондықтан бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. 2022 жылы бюджеттен қосымша 5 млрд теңге бөлініп, 47 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бүгінде 16,5 млрд теңгеге шағын және орта бизнестің 219 жобасы қаржыландырылды. Нәтижесінде, 1 маусымда белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бір жылда 19,5%-ға 233 мыңға дейін өсті, – деді Ерболат Досаев.
Бұған қоса қала басшысы мегаполистегі инвестициялық белсенділіктің өскенін айтты. Атап айтқанда, осы жылдың 5 айында жеке инвестициялар көлемі 22,1%-ға өсті. Ең үлкен өсім құрылыс индустриясында, өнеркәсіпте, көлік және қоймалауда тіркелді, олардың үлес салмағы 55%-ды құрайды.
«Биыл І жарты жылдықта 132 млрд теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылды, 183 жұмыс орны құрылды. 2022 жылға еңбек өнімділігі жоғары 2,8 мың тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 588 млрд теңге сомасына 77 жеке жобаны іске асыру жоспарланған», – деді қала басшысы.