«Кедей емеспін». Ерболат Досаев қымбат киімге ақшаны қайдан алатынын айтты

Дәурен Ерболат

Әлеуметтік желілерде қала басшының 2,2 млн теңге тұратын күрте кигені туралы ақпарат тараған

фото: ОКҚ

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев бизнесте жұмыс істегенін, табысы өзіне жететінін, қымбат киім алуға жағдайы бар екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Алдымен ол қанша жалақы алатынына тоқталды.

Қызметтік жалақы ғой. Бізге де арасында басқа да мемлекеттік қызметкерлерге берілетін сыйлықақы (премия) беріледі. Сондықтан менің жалақым – 950 мың теңге, - деді Ерболат Досаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ журналист әкімге «Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы қаласының әкімі қызметіне тағайындалған кезде әлеуметтік желілерде сіз киген Loro Piana курткасы қызу талқыға түсті. Оның бағасы – 2,2 млн теңге. Бұған қатысты әртүрлі пікір айтылды... Қымбат киімге ақшаны қайдан аласыз?» деп сұрақ қойды.

Қала басшысы өзінің ұзақ жылдар бойы бизнесте және мемлекеттік қызметте жұмыс істегенін атап өтті.

«Сіз менің биографиямды толық оқымаған сияқтысыз. Себебі 2006-2012 жылдары мен бизнеске қайта бардым. 1998 жылдары тиісті табысым, кәсіпорындарда үлесім болды. Бизнеспен айналыстым.

2012 жылғы күзде министр болып, мемлекеттік қызметке оралдым. Содан бері  жұмыс істеп жүрмін. Тиісті табысым бар, салық төленген. Сондықтан барлығы айтқан куртканы сатып алуға мүмкіндігім бар. Алайда бұл куртка Loro Piana брендінен емес. Оны мен 5 жыл бұрын сатып алғанмын. Сіздер мұны да тексере аласыздар. Сіздер киімді әрбір маусым сайын айырбастайсыздар ғой. Бірақ ер адамдарда киім соншалықты көп емес. Мұны мен әйеліме айтып отырамын. Ер адам өзіне ыңғайлы киімді киеді. Мен кедей емеспін. Соңғы 5 айда барлығы мені қырағы бақылап отыр... Әкім Досаев не істейді екен дейді?...

Менің күрте сатып алуға жағдайым жетеді. Бірақ қазіргі жұмыста костюмнен басқа ештеңе керек емес. Себебі менің жұмыс кестем өзгерді. Қазір мен уақытымның көп бөлігін үйде емес, жұмыста өткіземін», - деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ ол Lancaster Group компаниясындағы үлесін басқаруға бергенін жеткізді.

«Оны сіз білетін шығарсыз. Мұның барлығы ашық жазылған», - деп түйіндеді сөзін Алматы қаласының әкімі.