Ешкімі жоқ әйелді ауруханаға жатқызу да, қарттар үйіне жіберу де мүмкін болмай отыр
Павлодар облысына қарасты Ақтоғай ауданының Приреченск ауылында егде жасқа келген Раушан есімді әйелді көршісі хал үстінде жатқан жерінен тауып алған.
«Екі апта аулада көрінбегендіктен үйіне іздеп бардым. Өкінішке қарай, Раушанның жағдайы адам шошырлықтай болды. Ол өз нәжісіне өзі былғанып, әрең дегенде еңбектеп бара жатты. Мен шошып кеттім. Не болғанын сұрағанда «қазір әпкем келеді» деп жауап берді. Оның әпкесі бір жыл бұрын қайтыс болған еді», - дейді Ирина есімді көршісі.
Раушан көп уақыттан бері жалғыз тұрады. Оның етжақын туыстары бақилық болған. Соңғы жылдары сырқаттанып жүрген көрінеді. Қазір жағдайы мүлде қиын. Екі аяғын әрең басады. Оның бұл халін көрген көршісі жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер Раушанды бірнеше күннен кейін қайтадан үйіне әкеліп тастапты.
Сол күннен бері Ирина көршісіне шамасы келгенше көмектесіп тұрады. Тамақтандырады. Бірақ бұл қашанға дейін жалғасатыны түсініксіз. Ауыл әкімдігі Раушанға ешқандай әлеуметтік төлем тағайындай алмайтынын айтқан. Себебі, оның сырқатының нақты диагнозы анықталмаған.
Әлі зейнет жасына да жетпеді. Кір-қоңын жуып, тамағын беріп, үйін жинауға әлеуметтік қызметкер бекітуге де тырысқан. Алайда, Раушанның психикалық ауруға шалдыққанын алға тартып, ешкім күтушілікті мойнына алғысы келмейді, - дейді ауылдықтар.
Раушанның бұл жағдайын естіп Павлодар қаласындағы VITA қоғамдық ұйымының еріктілері іздеп барып, өз көзімен көрген.
«Раушанның жағдайы өте мүшкіл. Осы жағдайға түскенге дейін қоғам назарынан қалайша тыс қалып қойғанына таң қаламын. Адам түгілі жануарлардың өзін аш, сусыз қалдыруға әркімнің дәті бара бермейді. Жедел арада көмек көрсетілмесе болмайды. Көршісі де қашанғы көмектесе алады. Амалы таусылған Ирина жергілікті әкімдікке барып, «енді Раушанға тамақ тасымаймын, не көмектесіңіздер, немесе бірнеше күннен кейін ол үйден мүрдесін табасыздар», деп ашығын айтқан көрінеді. Бірақ бәрібір көмектесуге тырысқан ешкім табылмапты», - дейді ұйым жетекшісі Екатерина Кудрявцева.
Еріктілер мәселені әлеуметтік желідегі парақшаларына жазған. Жергілікті әкімдік қоғам тарапынан сынға ұшырағаннан кейін ғана нақты іске кірісті. Ақтоғай селолық округінің әкімдігі науқас әйелдің жеке куәлігін қалпына келтіргенін мәлімдеді.
«Раушан жақында ғана аудандық ауруханада ем қабылдады. Өкінішке қарай, ем-дом шараларын облыстық емханада жалғастыру мүмкін болмады. Себебі, оның диагнозы стационарлық негізде емдеуге жатпайды. Раушан облыстық медицина мекемесіне кешенді тексеруден өту үшін қайта жіберіледі», - дейді әкімдіктегілер.
Әзірге оны қарттар үйіне немесе мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мекемеге орналастыру да қиынға соғуда. Себебі, мүгедек екенін растайтын құжаты жоқ. Ауыл әкімдігі күзге дейін үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп беретінін айтты.