Петропавлдағы маңдайалды университет басшылығы түлектерді диплом табыстау рәсімінде мантия киюге міндеттеп отыр
Мантия кимегендері салтанатты жиынға қатыстырылмауы мүмкін
Петропавл қаласындағы маңдайалды жоғары оқу орны - Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің басшылығы биыл оқуын тәмамдаған түлектерге диплом табыстау рәсімінде мантия киюді мәжбүрлеп жатыр. Мантия кимеген түлектер салтанатты жиынға қатыстырылмауы мүмкін. Бір қызығы, бұл форманы аталған университеттен жалға алуға болады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Төрт жыл ақшасын төлеп оқып, енді қолына дипломын алғалы отырған түлектер «құқығымыз тапталып отыр» деп есептейді. Себебі бакалавр дәрежесін бітіретіндер салтанатты кеште мантия киюге міндетеліп отыр.
«Түлектерге бұл киімді жалға алыңдар деп мәжбүрлеп отыр. Бірақ көбіміз одан бас тарттық. Менің ойымша, университет басшылығы біздің құқығымызды шектеп отыр. Осы мәселе бойынша біз оқу ордасының тәрбие ісі бойынша проректорымен кездестік. Бірақ ол кісі бұл тақырыпта сөйлескісі де келмеді. Қойған сұрақтарымызға жауап бермеді. Енді не істерімізді білмей отырмыз. Барып тұрған бассыздық деп санаймын. Себебі ешбір заңда түлектер мантия кисін деп жазылмаған», - дейді Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің түлегі Анастасия.
Ал ректораттағылар бакалавр дәрежесін бітіргелі жатқандардың мантия киюге міндетті екендігін айтады.
«Бұрындары университет басшылығы басқа болды. Сондықтан бұл мәселеге айтарлықтай көңіл бөлінбеген шығар. Бірақ халықаралық стандарттарға сәйкес бакалавр дәрежесін алған түлектер бұл форманы киіп шығуға міндетті», - деді М. Қозыбаев атындағы СҚУ-нің тәрбие жұмысы, әлеуметтік мәселелер және жұмыс берушімен өзара әрекеттесу мәселелері жөніндегі басқарманың мүшесі Ақмарал Тұрғалиева.
Аталған университетте бұл формалар бар. Тіпті, бұрындары ол түлектерге тегін беріліп келген. Алайда, биылдан бастап, ректордың шешімімен 1-2 сағаттық кешке 3000 теңгеден жалға берілмек.
«Университетте салтанатты диплом тапсыру рәсімі 13, 14, 15 шілде күндері өтеді. Түлектерге диплом берудің бірнеше түрі ұсынылып отыр. Яғни алғашқысы әр факультетте жауапты деканның өзі тапсырады. Екіншісі - академиялық қызмет жөніндегі департаментте де осындай рәсім өтеді. Үшіншісі - ректордың қатсыуымен өтетін салтанатты шара. Ол жерде дресс-код қатаң сақталуы қажет. Яғни, түлектер мантия киюі керек. Біз бұл күн жастардың жадында ұзақ жылдар бойы сақталғанын қалаймыз. Яғни түрлі-түсті академиялық мантия, жібек табельдері бар конфедеративті шляпалар, студенттік өмірдің маңызды сәттері бар фотоальбомдар. Осының барлығы ұмытылмас студенттік жылдарды еске түсіретіні сөзсіз. Мұнымен қоса, мантия магистр мен бакалаврдың жаңа мәртебесін аңғартады. Яғни мұның барлығы ілімді, білім мен ізгілікті игергендердің өмірі мен тұрақтылығының біртұтастығын білдіреді. Сондықтан студент осы үш шараның қайсысына қатысады. оны өздері таңдап, шешім қабылдай алады», - дейді ЖОО баспасөз қызметінің жетекшісі Диана Халимова.
Түлектер Ғылым және жоғары білім министрлігіне арыз жазды. Олар мәселенің келесі аптаға дейін шешілгенін талап етіп отыр.
Биыл Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде 1804 студент оқу бітіреді. Оларға «Бакалавр» дәрежесі берілмек.