Биыл 300-ден аса талапкер ҰБТ-дан шығарылған
Олардың тест нәтижесі жойылған
Биыл шпаргалка және смартфон пайдаланып, ережені бұзғаны үшін 300-ден аса талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуден шығарылды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.
Оның айтуынша, 2022 жылы ҰБТ-ны 154 мың талапкер 2 рет тапсырған.
«Тестілеу қорытындысы бойынша 103 мыңнан аса талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 67%-ы. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 7%-ға жоғары. Тестіленушілердің 51 мыңға жуығы (33%-ы) шекті балл жинай алмады. ҰБТ-дағы орташа бал – 66 балл. Биыл ең жоғары балл 139 болды. 3179 оқуға түсуші 120 балдан жоғары жинады», - деді директор ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Руслан Емелбаев тестілеуге тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері мен ҰБТ ережелерін бұзу саны біршама азайғанын атап өтті.
Мәселен, өткен жылы 756 түлек ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысса, биыл мұндай 327 жағдай тіркелді. 2019 жылмен салыстырғанда шпаргалкалар мен смартфондарды алып кіргізуге талпынушылар саны 400 есеге азайды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін 322 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Көрсеткіш 4 есе төмендеген. Себебі 2021 жылы аудиториядан 1305 адам шығарылған, - деді басшы.
Ол ҰБТ-дағы барлық бейнежазба 31 желтоқсонға дейін тексерілетінін атап өтті.
«Егер тестілеуде тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкер білім беру грантынан айырылады. Естеріңізде болса, бұл норма 2020 жылы алғаш рет қолданылған еді. 2020 жылы бейнежазбаларды қайта қарау нәтижесінде 152 тестіленушінің, 2021 жылы 52 адамның нәтижесі жойылды. Бүгінде постпрокторинг нәтижесі бойынша 15 адамның нәтижесі жойылды. 200-ден астам талапкердің нәтижелері тексеріліп жатыр», - деді Руслан Емелбаев.