×

Маңғыстауда жаңа су тұшыту зауыты іске қосылды

Өңірде су тапшылығы мәселесі өзекті

 Дәурен Ерболат 07.07.2022 | 13:11
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Қаражанбас» кен орнында су тұшыту зауыты сынақ режимінде іске қосылды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа зауыт тәулігіне 17 мың текше метр су тұшытады. Ол толық іске қосылғанда 50-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев кәсіпорынның өндірістік әлеуетін жоғары бағалады.

«Су тұшыту зауытының тек компания үшін емес, тұтас өңір үшін маңызы жоғары. Мұнда алдыңғы қатарлы технологиялар қолданылған және біліктілігі жоғары мамандар жұмыс істейді. Технологияның күрделілігін ескере отырып, зауыттың белгіленген мерзімде іске қосылғаны қуантады», - деді облыс әкімі.

Зауытта өндірілген таза су кен орнында техникалық бағытта қолданылады.

Өңірдегі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы Бердібек Қартбаев кәсіпорын өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізетінін атап өтті.

Осы уақытқа дейін кәсіпорын пайдаланып келген «Астрахан-Маңғыстау» су құбырынан босаған 10 мың текше метр су Жаңаөзен қаласына тәулігіне 7,5 мың текше метр, Бейнеу ауданына 1,5 мың текше метр, 1 мың текше метр Жетібай ауылына, қалған 500 текше метр су Маңғыстау ауданының елді мекендеріне беріледі,- деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірде су тапшылығын жою үшін 2025 жылға дейін қуаты 286 мың текше метр болатын 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама