×

Жастары жұмыссыз, көшесі батпақ: «Тоқаев ауылының» тұрғындары президенттен көмек сұрайды

Кәлпе – Жетісу облысы Қаратал ауданына қарасты 2000-ға жуық тұрғыны бар ауыл

 Халық үні 07.07.2022 | 11:43

Жетісу облысында Қаратал ауданына қарасты Кәлпе ауылы ел арасында «Тоқаевтың ауылы» аталып кеткен. Жергілікті халықтың айтуынша, президент бұл ауылға ара-тұра келіп, ата-бабасына құран бағыштайтын көрінеді.

«Жастар жұмыссыз, ауылда мәдениет үйі жоқ, жолдардың сапасы сын көтермейді», деп шағымданған кәлпеліктер, Мемлекет басшысынан бұл ауылға көңіл бөлуді сұрайды.

Кәлпе – Жетісу облысы Қаратал ауданына қарасты 2000-ға жуық тұрғыны бар ауыл. Ауыл Үштөбе қаласынан оңтүстікке қарай 18 шақырым жерде орналасқан. Алматы-Новосибирскі пойызы қатынайтын теміржол ауыл іргесінде жатыр. Жергілікті тұрғындардың негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Жастар жағы көбіне такси қызметін атқарып жүр.

Серік Шахсенұлы есімді тұрғын ауыл жастарының жұмыссыздығын, ауылға мәдениет үйі, спорт кешені ауадай қажет екенін айтады.

«Президентімізбен мақтанамыз, қолдаймыз! Қасым Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаев елге сыйлы азамат болған. Осы біздің ауылдың азаматы. Президентімізден ауылға көңіл бөлуін сұраймыз. Бізге мәдениет үйі керек, спорт кешені болса жақсы болар еді. Ауылда жастардың көбі жұмыссыз. Бәрі қалаға кетіп жатыр. Егер ауылда мәдени өмір қайнап жатса, ауыл өмірі қызықты болар еді», - дейді Серік Шахсенұлы.

Кәлпе ауылының 88 жастағы тұрғыны Бәтен апа да Қасым-Жомарт Тоқаевтың бала күнінде әкесіне еріп ауылға келетінін, көп сөйлемейтінін айтады.

«1953 жылы ғой деймін, Бопай деген кісінің үйіне келіп жүретінін көргенмін. Бопай, Тоқай деген кісілер ағайынды. Әкесі Кемелмен бірге ауылға келетін, ол кезде бала болды, көп сөйлемейтін. Кейін президент болған кезде де ауылға келіп, ата-бабасына Құран бағыштап жүретін. Президент болмай тұрып та келген, ол кезде Нұрқаділов ертіп келді. Мен барған кезде осы ауылда күні кешеге дейін тұрған, былтыр қайтыс болған әпкесімен бірге суретке түсіп жатыр екен, көп сөйлемейтін жігіт қой, бала кезінде де сондай болатын. Суретке түскен соң үндемей кетіп қалды.

Ауылда әркім өз күнін өзі көріп жатыр, малы бар, шаруасы бар», - дейді Бәтен апа.

Ал, ауыл зейнеткері Рағипа Мәмбетқұлова өзі тұратын көшемен жаңбырлы күндері аяқ алып жүре алмайтынын айтады.

Көктем, күз кездері көшеміздің жолы саз, құм, лай болып, аяқ алып жүре алмаймыз. Бізге жол салып берсе, - деп өтінішін жеткізді.

Шынаргүл Оңашбай, Жетісу облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама