Елімізде 500-дей кәсіпорын қызметкерлеріне 3 миллиардқа жуық жалақысын төлемеген

Динара Амантай

Мекеме басшыларына 67,9 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды

Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 10 мыңға жуық жұмыскердің құқығын қорғады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, осы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 499 кәсіпорнында 12,6 мың жұмыскердің алдында 2 млрд 845 млн теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешекті анықтады.

Осы кәсіпорындардың басшыларына орындалуы міндетті 414 нұсқама беріліп, 67,9 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Қабылданған шаралар, соның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң сақталуы тиіс кестелері мен мерзімдерін белгілеу нәтижесінде 9,9 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 2 млрд 319,7 млн теңге төленді.