Ашқұрсақ жүретін қазақстандықтардың саны артқан

Дәурен Ерболат

Олардың басым бөлігі қалаларда тұрады

Фото: nur.kz

Қазақстанда тойып тамақ жемейтіндер саны бір жылда 1,5 есе өсіп, 1,3 млн адамға жетті, деп хабарлайды energyprom.kz.

Тойып тамақ жемейтін және ашыққан қазақстандықтардың үштен екісі қалаларда тұрады.

Қазақстан халқының тамақтану құнарлылығы бір жылда 9,2%-ға төмендеді. Осылайша, 2021 жылы жан басына шаққандағы тәуліктік рацион 3111 ккал болды. 2016 жылы еліміздегі халықтың калориялық тамақтануын есепке алу енгізілген. Осы жылмен салыстырғанда бұл ең төмен көрсеткіш болып саналады.

Тек 4 өңірде тұтынылған тамақ өнімдерінің энергетикалық құндылығы орташа республикалық мәннен төмен: Нұр-Сұлтан (жан басына шаққанда тәуліктік рацион – 2856 ккал), Шымкент (2981 ккал) қалалары, Маңғыстау (3047 ккал), Қызылорда (3081 ккал) облыстары.

2021 жылы энергетикалық құндылығы ең жоғары тағамды Павлодар (4120 ккал) және Ақмола (3780 ккал) облыстарының тұрғындары тұтынған.

Осыған қарамастан Қазақстанда тойып тамақ жемейтіндер саны 1,5 есеге өскен: 2020 жылғы 832,5 мың адамнан 2021 жылы 1,3 млн адамға дейін.

Қалаларда ашқұрсақ жүретіндер саны артқан: бірден 89,5%-ға, 845,1 мың адамға дейін. Бұл шаһарларда тұратын халықтың 7,5%-ы. 2020 жылғы көрсеткіш 4% болған еді.

Ауылдарда тойып тамақ жемейтіндер саны – 384 мың адам. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 18,7%-ға артық. Осылайша, ашқұрсақ жүретін ауыл халқының үлесі бір бір жылда 4,2%-дан 4,9%-ға дейін өскен.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда кедейлердің саны 1,5 млн адамға жетуі мүмкін екені жазылған еді.