Елордалық жігіт әдемі селфи үшін көпірдің аркасына шығып кетті (ВИДЕО)

Қанат Атаманов

Жігіт кешкі серуеннен кейін суретке түсуге шешім қабылдаған, ал селфи әсерлі шығу үшін көпірге көтерілген

Фото: ашық дереккөздерден

19 жастағы астаналық ерекше селфи түсіремін деп Нұр-Сұлтандағы көпірдің аркасына мініп алды. Әлеуметтік желіде куәгерлердің жариялаған видеосы тарады. Видеодан белгісіз біреу елордалық көпірдің доғасына шығып алғанын көруге болады.

Нұр-Сұлтан полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 5 шілде сағат 13.25-те 102 арнасына елорда тұрғындарынан Қабанбай батыр даңғылындағы көпірдің аркасына бір адам шығып кеткені туралы қоңырау келіп түскен.

Оқиға орнына дереу полиция жасағы келді. Ерекше фото түсірмек болған 19 жастағы әуесқой полицияға жеткізілді. Тәртіп бұзушы мұндай әрекетке елорда көрінісімен суретке түсу үшін барғанын айтты. Жігіт кешкі серуеннен кейін суретке түсуге шешім қабылдаған, ал селфи әсерлі шығу үшін көпірге көтерілген. Бірақ көпірдің үстіне шыққанда, төменде тұрған тәртіп сақшыларынан қорқып, суретке түсе алмаған, - деп мәлімдеді елордалық полицияның баспасөз қызметі.

Полицейлер жас жігітпен қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылыққа жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізді. Полиция мұндай фотосессияның соңы қайғылы аяқталуы мүмкін екенін ескертті және әдемі сурет үшін өмірге қауіп төндірмеуге шақырды.