Halyq Uni логотип
×

Халықаралық есірткі айналымын ұйымдастырушылар ұсталды – ҰҚК

Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы – 22,7 келі

 Халық үні 06.07.2022 | 16:22
Халықаралық есірткі айналымын ұйымдастырушылар ұсталды – ҰҚК
Фото: ҰҚК сайтынан

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан мен Қырғызстанның күш құрылымдарымен бірлесе Орталық Азия елдеріне бағытталған заңсыз есірткі өндірісімен айналысатын халықаралық синдикаттың жолын кесті, деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.

Көп кезеңді жедел іс-шаралар шеңберінде 2-3 маусымда Алматы қаласында "альфа-PVP" есірткі затының 17,7 келісін тасымалдау және сақтау кезінде есірткі қылмысына қатысты топтың 4 көмекшісі ұсталды. Ұсталғандардың бірінің тұрғылықты мекенжайы бойынша психотроптық заттарды өндіретін жерасты зертхана табылды. Есірткі контрабандалық жолмен Қырғызстанға жіберуге, сондай-ақ Шымкент және Өскемен қалаларында сатуға арналған болып шықты. Қылмыстық топтың байланыстарын жою үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қырғызстанның ІІМ-мен өзара іс-қимылды іске асырды. Нәтижесінде, 5 маусымда Бішкек қаласында жасырын жерден 3 келі есірткі затын алу кезінде Қырғызстанның 3 азаматы ұсталды. Арнайы операцияның соңғы кезеңі Өскемен және Шымкент қалаларындағы бірмезгілде 3 есірткі курьерінің ұсталуымен аяқталды. Оларды тексеру барысында 2 келі есірткі табылды, - делінген Комитет ақпаратында.

Жалпы, терроризмге қарсы операция барысында есірткі қылмысына қатысы бар 10 адам ұсталып, ірі есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы – 22,7 келі (68 мың бір реттік дозаға тең).

Осы деректер бойынша сотқа дейінгі іс-шаралар жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама