×

Жамбыл облысында жерге көмілген 8 «автомат» қаруы табылды

Бұл өңірден тағы бір қару-жарақ қоймасы анықталды

 Халық үні 21.01.2022 | 14:00
фото: ашық дереккөзден

20 қаңтарда Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Жамбыл ауданы Қостөбе ауылының маңынан жасырылған қару-жарақ тапты.

Белгісіз адамдар сегіз автомат пен оған арналған 17 оқжатар, бір граната, 12 калибрлі газ-травматтық қару, Krall маркалы мылтық және бір пышақты қапқа салып, жерге көміп кеткен. Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 287-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды, – деді Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Нұржан Қалметов.

Жамбыл облысының Полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орны туралы хабарлаған немесе оларды полицияға өз еркімен тапсырған адам қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылмайтынын еске салады. Анонимділікке кепілдік беріледі.

Жуырда Жамбыл облысында тағы бір қару-жарақ қоймасы табылған болатын.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама