«Бастықтар оянған соң шешіледі». Шымкентте жолынан қалған 200 адам әуежайда түнеп шықты
Олардың арасында қариялар да, кішкентай балалар да бар
Шымкент әуежайында кеше түннен бері тыным жоқ. Елорда мен Ақтау қаласына бет алған жолаушылар жолынан қалды. FlyArystan компаниясы жолынан қалған жолаушыларға ауа райының қолайсыздығын себеп ретінде алға тартқан. Әуе компаниясы жолаушылардың сапарын кейінге шегермей, билет ақысын қайтарып беруге бекінген. Алайда, компанияның бұл ұсынысымен келіспеген жолаушылар әуежайда шу шығарды.
200 азаматтың жартысы әуежайда түнеп шықты. Суық еден мен темір орындықта ұйықтаған бір топ азамат не қалалық әкімдіктің, не әуежай қызметкерлерінің, не әуе компаниясының жағдай сұрап келмегенін айтады. Оларға «бастықтар оянған соң, таңғы сағат 08:00-де шешіледі» деп сендірген.
«Әуе компаниясының өкілдері бізге «Қайда барсаңдар, онда барыңдар! Біз сендерге тек билет ақшасын қайтарып береміз» деді. Бұл қалай сонда? Біз бұл билетті бір-екі ай бұрын - арзан кезінде сатып алдық. Ал, қазір бұл сомаға билет таппайсың. Бір жерге арызданып бара да алмаймыз. Барлық жерде қағазбастылық. Құқығымызды қорғайтын ешкім жоқ. Енді, амал жоқ, әуежайда түнеп жатырмыз. Бұл жерде кішкентай балалар да бар, қартайған қариялар да жүр», - дейді сапарынан қалған Әлібек Шеңгелбаев.
Жүгін арқалаған жолаушылар жолынан қалдырған әуе компаниясының еш жағдай жасамағанына да наразы. Әуежайда тамақ бағасы да қымбат. Көбінің ақшасы таусылған.
«Әуе билетінің бағасы жасалған жағдайға мүлдем сай келмейді. Біздің елде үнемі осы. Ұшақ кешігіп, сағаттап сенделіп жүреміз. Компания өкілдері кешірім сұраумен ғана шектеледі. Тұтынушылардың құқығын қорғап жатқан бір адам жоқ. Мысалы, мен бүгін жұмысымнан қалдым. Басшыма қалай түсіндірерімді де білмеймін. Жұмыстан шығарып жіберсе, бала-шағамды кім асырайды? Әлі нәр тартпадым. Себебі, мына жерден бірдеңе сатып ала қояйын десең, дымсыз қаласың», - дейді елордалық Замира Мұхтарова.
Әуежайда түнеп жатқан жолаушылармен кездесуге жауаптылар таңғы сағат 10-нан өте келді. FlyArystan компаниясының өкілі жағдайды қазақ тілінде түсіндіре алмағандықтан, қалалық әуежай өкілі жолаушыларға жақсы хабар жеткізді.
Ақтауға билет алған 20 жолаушыны бүгін түнгі 23:30-да шығарып саламыз. Оларға ұшақ табылды. Ал, астанаға билет алған азаматтар ертең таңғы 4-те ұшаққа отырады, - деп сендірді Сәкен Мамырбеков.
Осылайша, жолаушылардың алды бүгін түнде Ақтауға ұшатын болды. Қалғанына билет құнын қайтарып берген. Нұр-Сұлтан қаласына ұшатын жолаушылар таңғы сағат 4-те ұшаққа отырады.