Шілдеде коронавирус жұқтырғандар саны артады – министр
Дәрігерлер вируспен күресуге дайын
Биыл шілдеде СOVID-19 вирусын жұқтыру дерегі артады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Мамандардың болжамынша, шілдеде аурудың өсуі байқалады. Сараптама қорытындысына сәйкес, коронавирус былтыр да, оның алдыңғы жылдары да дәл осы айда өскен, яғни инфекциялық аурулардың маусымдық өсуі болған, - деді Ажар Ғиният Үкімет отырысынан соң.
Ол министрлік барлық сценарийге дайын екенін атап өтті.
«Осыған дейін тәулігіне 16 мыңнан аса коронавирус жұқтыру дерегі тіркелген болатын. Оны біз еңсердік. Бүгінде тәулігіне ауру жұқтырудың 187 дерегі тіркеліп жатыр. Денсаулық сақтау саласындағы барлық ұйым коронавируспен күресуге дайын», - деді министр.
Сондай-ақ Ажар Ғиният СOVID-19 вирусы шетелден келген адамдардан анықталып жатқанын жеткізді.
«Нұр-Сұлтан, Алматыдағы вирус жұқтырған адамдардың эпидемиологиялық анамнезін қарағанда, олардың 5%-ы ғана шетелден келген немесе шетелде болған адамдармен қарым-қатынаста болғаны анықталды. Бүгінде вирус ел ішінде таралып жатыр. Сондықтан біз әзірге шетелден келгендерді ПТР-тестпен кіргізу жөнінде шараны қарастырып жатқан жоқпыз. Жағдайды бақылап отырмыз», - деді ведомство басшысы.
Министр қазақстандықтарда коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасқанын атап өтті. Бүгінде 11 млн-нан аса адам вакцина алған, ал 5 млн-ға жуық адам ревакцинация жасатқан.