Күдіктінің бұндай оқыс әрекетке баруына не себеп болғаны әзірге белгісіз
Павлодар облысында екі бірдей адамды пышақтап өлтірген күдікті ұсталды. Ол мәйіттерді үйдің ауласында қалдырып, өзі тығылып қалған деп хабарлады Qazaqstan арнасы.
Қанды оқиға Тереңкөл ауданының Береговое ауылында тіркелді. Азаматтық некедегі марқұмдардың үйінде кәмелеттік жасқа толмаған баласы да болған. Дегенмен ол зардап шеккен жоқ. Ересектер дауыс көтеріп, жаға жыртыса бастаған сәтте тығылып қалған. Күдіктінің бұндай оқыс әрекетке баруына не себеп болғаны әзірге белгісіз.
«Аталған қылмыстық іс жасағаны үшін 22 жастағы күдікті, ауыл тұрғыны анықталып, ұсталды. Оқиға орнында қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - деді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.