×

«Атуға рұқсат берсін». СҚО-да Қызыл кітапқа енген дала жануарлары егістікті таптап жатыр

Өңірде марал мен елік басының көбейіп бара жатқанын жауапты мамандар да мойындап отыр

 Самат Жақып 05.07.2022 | 14:19
СҚО диқандары

Солтүстік Қазақстан облысында марал мен еліктер диқандардың «тынышын» алды. Дала жануарлары егістік алқаптарын таптап, егіннің шығуына мүмкіндік бермей отыр екен. Жергілікті шаруалар бұл мәселеге биыл ғана емес, жыл сайын тап болатынын жеткізді. Енді олар түз жануарларын не атуға рұқсат беруді, не басқа жаққа көшіруді талап етіп отыр. Halyq Uni тілшісі шаруалардың базынасын тыңдап, олармен сөйлесіп қайтты.

«САЛЫҒЫН БІЗ ТӨЛЕЙМІЗ, ҚЫЗЫҒЫН ЖАНУАРЛАР КӨРЕДІ»

Ризығын жерден табатын СҚО диқандары өңірдегі марал мен еліктің көбейгеніне қуанышты емес. Себебі сайын даланың серкелері егінге түсіп, шаруаларды әбден әбігерге салған. Әсіресе Есіл ауданында орналасқан қорық маңындағы егістік алқаптарын жаппай таптап жатыр екен.

«Бұл жануарлар бізге зиян келтіріп жатыр. Еңбегіміз зая кетті деуге болады. Мәселен, былтыр облыс бойынша астық көлемі орта есеппен гектарынан 17 центнер болса, біз екеу-үшеуден ғана алдық. Жылдан жылға көбейіп (еліктер мен маралдар – авт.) барады. Сондықтан санын азайту керек. Болмаса басқа жаққа көшірсін. Біз біржола құртып жіберсін деп жатқан жоқпыз. Маралдар таптағаннан кейін аз да болса астық алуға болады, ал доңыздан кейін түк те қалмайды. Олар алқапты қазып тастайды. Трактор, соқа сияқты. Олар топтасып жүреді - жиырма шақты. Ертең адамдарға да шабуы мүмкін. Шауып та жатыр. Осы мәселені шешуші үшін міндетті түрде бір адам өлу керек па? Үкімет сонда ғана шара қолданатын сияқты ғой. Бұрын бұл менің ғана проблемам болатын. Қазір бәрінің басындағы жағдай. Тіпті болмаса, атуға рұқсат берсін», - дейді Біржан Гайсин есімді диқан.

Қазір шаруалар Қызыл кітапқа енген жануарларды қорғауға емес, керісінше «қорғануға» мәжбүр. Өйткені астығын жеп, жерді таптап, жарамсыз етеді екен. Салдарынан диқандар қып-қызыл шығынға батады.

«Астықтың жартысын жеп қойды. Біз көктемде қалтамыздан қаржы шығарып, топыраққа минералды тыңайтқыштар төгеміз. Бірақ күзде өнімділік 4-5 есеге дейін төмендеп кетеді. Пайда болмаса ертең халыққа пайды қалай төлеуіміз керек? Менің ойымша, бұл жерде сақтандыру және шығынды өтеу туралы заң қажет. Немесе жүз шақты маралды атуға рұқсат берсін. Бұл әлемнің барлық елдерінде қалыпты құбылыс екені белгілі. Содан түскен ақшаны осы жануарларды басқа жерге қоныстандыруға пайдалансын», - дейді Серік Жанапинов есімді шаруа.

Есіл ауданында орналасқан «Красный бор» қорығының қоршауы бұзылып, бірнеше жылдан бері жөнделмеген. Салдарынан жануарлар егістік алқаптарды жайылымға айналдырған.

Ерте кездері  қорық аумағы қоршаулы болатын. Қазір не болып жатқанын көріп тұрсыздар. Жабайы жануарлар емін-еркін сыртқа шығып, егінге түсуде. Тіпті көрші аудандарға да жеткен. Мәселені көтеріп жүргенімізге бірнеше жыл болды, бірақ шешімі болмай тұр, -дейді шаруа Аманжол Маекенов.

ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА ЕНГЕН ЖАНУАРЛАР БАСҚА ӨҢІРГЕ КӨШІРІЛЕДІ

Өңірде марал мен елік басының көбейіп бара жатқанын жауапты мамандар да мойындап отыр. Дегенмен оларды атуға рұқсат жоқ. Мәселені шешудің тек бір ғана жолы бар - басқа аймаққа көшіру.

«Біз бұл жануарларды қамауда ұстамаймыз. Тек қыс мезгілінде қолдан көректендіреміз. Негізінен бұл мәселені шешу үшін оларды басқа жаққа көшіру керек. Көктемде санақ жүргіздік. Яғни, бізде 1400 бас марал, 1900 бас елік және 337 дала доңызы бар екені анықталды», - дейді «Красный бор» қорығының директоры Николай Гусельников.

Диқандарға кедергі болып жатқан дала жануарларын басқа облыстарға көшіру үшін арнайы жоба қолға алынған. Енді бұл мақсатқа қанша қаражат қажет екені есептеледі. Содан кейін мамандар жұмысқа кіріседі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама