Halyq Uni логотип
×

Ақшасы да, тамағы да таусылған: Өзбекстандағы 50 шақты қазақстандық шекарадан өте алмай жатыр

Қарақалпақстан аумағында бір айға төтенше жағдай жарияланды

 Ербол Тұрымбет 04.07.2022 | 15:51
Ақшасы да, тамағы да таусылған: Өзбекстандағы 50 шақты қазақстандық шекарадан өте алмай жатыр
скриншот: видео

2 шілдеде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақ-өзбек шекарасындағы өткізу пунктерінің уақытша жабылғанын хабарлады.

Атап айтқанда, «Дәуіт-ата» – «Тәжен» өткізу пунктінде адамдардың, көліктердің және жүктердің өтуі тоқтатылды. Сондай-ақ «Қарақалпақстан» – «Бейнеу» темір жол қатынасы да тоқтатылды.

Шекарадағы бекеттер жабылғаннан кейін Өзбекстандағы 50 шақты қазақстандық елге қайта алмай отыр. «Дәуіт-ата» – «Тәжен» өткізу пунктінде Қазақстан азаматтары үш күннен бері еліне орала алмай жатыр. Олардың ішінде кішкентай балалар да бар. Ақшасы да, тамағы да таусылған.

Шекарада бөгеліп қалған Қазақстан азаматтары елшіліктен көмек сұраған. Тіпті, Өзбекстанның консулына да хабарласқан. Бірақ олардың ешқайсы көмек бере алмай отыр екен. Видео үндеу жариялаған азаматтар не кері қайта алмай, не Қазақстанға өте алмай қиналып жатқанын, кейбірі балаларының сырқаттанып қалғанын алға тартты.

«Дәуіт-ата» – «Тәжен» өткізу пунктіндегі жағдай бойынша ҚР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жауап берді.

Бұл жағдай Өзбекстандағы дипломаттарымыздың назарында. Қазір өзбек тарапымен келіссөз жүріп жатыр. Бұл жағдай тезірек шешімін табуы үшін бар күшімізді саламыз. Азаматтарымыздың күніне үш рет тамақтануын қамтамасыз етіп жатыр, олармен үнемі байланыстамыз, - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Еске салайық, Қарақалпақстан астанасы Нүкіс қаласында Конституцияға енгізілген өзгертулерге қарсы жаппай наразылық өткен болатын. Осы жағдайға байланысты Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қарақалпақстан аумағында 3 шілдеден 2 тамызға дейін төтенше жағдай жариялады.

Өзбекстан президентінің жарлығымен Қарақалпақстан автономиясы туралы Өзбекстан Конституциясы өзгеріссіз қалатын болды.

ҚР сыртқы істер министрлігі Өзбекстан басшылығының Қарақалпақстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шешімдерін құптаймыз әрі қолдайтынын мәлімдеді.

Өзбекстан Бас прокуратурасының ақпаратына сәйкес, Нүкістегі наразылық кезінде 18 адам қаза тапқан. Өзбекстан Ұлттық ұланының хабарлауынша, 243 адам жараланды, олардың 94-і ауруханаға жатқызылған. Сонымен қатар, полицейлер 516 адамды ұстады. Көпшілігі қазірдің өзінде босатылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама