×

«Шошып отыр». Әскерде қайтыс болған сарбаздардың санын неге жасырады?

Күштік құрылымдар қайтыс болған сарбаздардың санын айтпай отыр

 Ая Өміртай 04.07.2022 | 15:24
Коллаж: Halyq Uni

Соңғы кезде жиілеп кеткен сарбаздар өлімінің нақты себебі күні бүгінге дейін беймәлім. Тіптен бұл тарапта нақты статистикалық зерттеулер де ашық жүргізілген емес. Осы орайда Halyq Uni сайты қарулы күштер саласына жауапты ведомстволарға сұрау жіберіп, соңғы бес жылда қанша сарбаз өзіне қол жұмсап қайтыс болғанын сұрап көрді.

АДАМ ӨЛІМІНЕ ЖОЛ БЕРМЕУ ЖОСПАРЫ

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында адам өліміне жол бермеу мақсатында идеологиялық жұмыстың 2025 жылға дейінгі бірлескен жоспары іске асырылып жатыр.

«Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық ұланның және Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмыс тобы «Өмірді сақта» бағдарламасын әзірлеуде. Әскерлерде онкүндіктер, айлықтар және құқықтық ақпарат беру, ата-аналармен телефон арқылы сөйлесу, әлеуметтік және жасырын сауалнамалар, дене шынықтыру-профилактикалық тексерулер, «прокурор сағаттары», «ашық есік күндері», көшпелі соттар ұйымдастырылады. Әскерлерде «Жауынгерлік дос», «Напарник», «Пирамида», «Наставник» бақылау жүйелері, сондай-ақ суицидтік мінез-құлықтың алдын алу алгоритмі және жеке-тәрбие жұмысын ұйымдастыру әдістемесі өздерін оң жағынан көрсетті», делінген ресми жауапта.

Министрдің орынбасары генерал-лейтенант С.Камалетдинов жүргізілген жұмыстардың арқасында сарбаздар арасында суицидтің төмендеу үрдісі байқалғанын хабарлады. Ал соңғы бес жылда әскери борышын өтеу кезінде қанша сарбаз қайтыс болды және қаншасы өзіне қол жұмсады деген сауалымызға жауап беруден бас тартты.

Мұны «сандық деректерге қатысты мәліметтер қызметтік болып табылады, сондықтан бұл мәліметтерді ұсыну мүмкін емес», деп түсіндірілген ведомстводан келген ресми жауапта.

Қазақстан Қарулы күштері бас штабы басшысының орынбасары, тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің басшысы, генерал-майор Серік Боранбаев жас сарбаз Әлібек Қалбайдың оқиғасынан соң әскер қатарында жүріп қайтыс болған сарбаздардың ортақ санын айта алмаған болатын. Ол басқа да әскерлер мен әскери құралымдар бір-біріне бағынышты болмағандықтан ортақ статистикасын шығару мүмкін еместігін алға тартқан еді.

ӘСКЕРДЕ ҚАЙТЫС БОЛҒАН САРБАЗДАР САНЫ НЕГЕ ҚҰПИЯ?

Halyq Uni тілшісі әскери құралымдарға соңғы бес жылда өзіне қол жұмсап қайтыс болған сарбаздар санын сұрап, әр ведомствоға жеке сұрау жібергенімен, жауап алу мүмкін болмады.

ҰҚК Шекара қызметі тілші сұрау салған мәліметтердің «таратылуы шектелген қызметтік ақпараттардың тізбесіне кіретінін» айтып, нақты жауап бермеді.

«Үйлестіру кеңесінің шешімімен 2022-2024 жылдарда әскерлерде құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған бағдарлама бекітілген. Қазір ведомстволық бұйрықтарға сәйкес алдын алу жұмыстары жүйелі түрде өткізілуде. Күнделікті қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында Шекара қызметі үшін әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау басты басымдықтардың бірі», делінген ресми жауапта.

Мемлекеттік күзет қызметі де сұрау салынған ақпарат қолжетімділігі шектелгендігін айтып, жауап беруден бас тартатынын хабарлады. Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштері ведомствосы әскери құрама болып аталады. Мемлекеттік күзет қызметінің құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

ПСИХИКАЛЫҚ АУЫТҚУШЫЛЫҒЫ БОЛДЫ – МИНИСТРЛІК

Төтенше жағдайлар министрлігінің берген ақпаратына сәйкес, кейінгі бес жылда бір әскери қызметші өзіне қол жұмсап қайтыс болған.

«Соңғы 5 жыл ішінде азаматтық қорғау органдарында 28237 әскери бөлімінің қатардағы мерзімді қызметшісінің өзін-өзі өлтіруінің бір фактісі тіркелді. Басына оқ атылды, отбасылық анамнезінде психикалық ауытқушылықтар болды», деп нақтылады ведомство.

ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ШЕКТЕЛГЕН АҚПАРАТ ДЕГЕН НЕ?

Ақпаратқа қол жеткізу туралы Заңда «Қол жеткізу шектелген ақпарат – мемлекеттік құпияларға, жеке басының құпиясына, отбасылық, банктік, коммерциялық құпияға, медицина қызметкерінің құпиясына және заңмен қорғалатын өзге де құпияларға жатқызылған ақпарат, қолжетімділігі шектеулі дербес деректер, сондай-ақ «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар қызметтік ақпарат», деп көрсетілген.

Алайда Заңда жазылған «қол жетуі шектелген ақпарат» және «қызмет бабында пайдалану үшін» терминдеріне нақты қандай ақпараттардың жататыны және қашанға дейін олар жабық күйде болатыны жазылмаған.

Бұл орайда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері, запастағы полковник Файзулла Қаменовтің айтуынша, қайтыс болған сарбаздар санын құпия ұстауға ешқандай негіз жоқ.

«Өздері шығарып отырғаны болар. Әйтпесе мұндай мәліметті айтуға, жауап беруге тиісті. Өздері үшін артық мәлімет бергілері келмейді. Ішкі инструкциясына сілтеме жасағанымен, онысы бар ма, жоқ па түсініксіз. Күш құрылымын күшейтеміз деп жатқанымен, жас сарбаздар өлімі жиілеп кетті. Әскерге шақырғандар қашып жатыр, ешкімнің барғысы келмейді. Мәселе көп. Сұрақтардың барлығы өздеріне тірелетін болғандықтан, содан шошып отыр», - дейді  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері, запастағы полковник Файзулла Қаменов.

Айта кетелік, 22 сәуірде Жамбыл облысы Гвардейский елді мекеніндегі госпитальда 18 жастағы жауынгер Әлібек Қалбайдың қаза болуы қоғамда көп талқыланды. Қазақстанда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың қаза болғаны немесе «өзіне қол жұмсағаны» жайлы ақпарат жиі шығады. 2021 жылы 22 қазанда Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы N5516 әскери бөлімде әскери қызметші қатарындағы жауынгер Сержан Оңғаров «өзіне-өзі оқ атып» көз жұмды делінген. Осы жылы 20 мамырда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы әскери бөлімде мерзімді әскери борышын атқарып жүрген жас жігіт казарманың төртінші қабатынан секіріп, мерт болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама