×

«ҚазМұнайГаз» басшысы Тоқаевқа есеп берді

Ақтауда азаматтардың өтініштерін қабылдау мақсатында ҰК-ның өкілдігі ашылды

 Динара Амантай 04.07.2022 | 15:10
Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

 Мемлекет басшысына «ҚазМұнайГаз» компаниясының мұнай-газ химиясы саласында жүзеге асырып жатқан жобалары жөнінде ақпарат берілді. Қазіргі уақытта Атырау облысындағы полипропилен шығаратын зауытты іске қосу жұмыстары аяқталып келеді. Бұл өндіріс орны биылғы тамыз айында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Сонымен бірге президентке полиэтилен және бутадиен өндірісіне қатысты жобалардың жүзеге асырылу барысы баяндалды. Мағзұм Мырзағалиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ Маңғыстау облысында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді.

Оның айтуынша, әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысты мәселелерді шешу, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес ұйымдары қызметінің мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау мақсатымен Ақтауда ұлттық компанияның өкілдігі ашылған.

Сонымен қатар Жаңаөзенде балаларға білім беру сапасын арттыру жобасы іске асырылып, оқушылар сарайы мен спорт алаңдарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұған қоса «ҚазМұнайГаз» басшысы Президентке компанияның шетелдік активтерін дамыту перспективалары жөнінде баяндады.

Кездесу соңында мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама