×

«Не елдің, не желдің көмегімен құлатамыз». Байзақта жарамды электр бағаналары бұзылып жатыр

Кеңес ауылының тұрғындары әкімдік келтірген уәжбен келіспей отыр

 Ұлдана Жұбай 04.07.2022 | 13:40
фото: Halyq Uni

Тараз қаласының іргесіндегі Байзақ ауданына қарасты Кеңес ауылының тұрғындары жергілікті әкімдікті кінәлап, жарамды бағаналарды еш негізсіз бұзып жатқанын айтып шағымданды. Тұрғындардың айтуынша, Кеңес ауылындағы ұзындығы 15 шақырымға созылған бағаналар тұрақты түрде электр тогын жеткізіп келген. Енді әкімдіктегілер электр желісін жаппай бұзып жатыр.

Ауыл тұрғындары электр бағаналарының осындан 40 жыл бұрын орнатылғанын айтады. Тіпті, әлі ширек ғасырға шыдайды екен.

Тіпті, Дархан Әбдіманап есімді тұрғын әкімдіктегілердің бұл әрекетін сынап, ауыл жұртының базынасын мынадай өлең жолдарымен жеткізді.

Жүрегім жұрт дегенде батыр екен, тілім де ел дегенде ақын екен,

Бүтін тұрған құлатып столбыны, білмеймін кім шығарған ақыл екен.                        

Орнына орнатып қойғандары, сапасыз бұйым боп тұр заты бөтен.

«Жаңа Қазақстан» деген осы болса, жағдайымыз төмендеп жатыр екен....

Қазір бұрынғы электр бағаналары бұзылып, орнына жаңасын орнатып жатыр. Бұрынғы бағаналардың биіктігі 20 метрден асса, жаңасы оның жартысына да жетпейді. Ауыл тұрғындары мұндай «пәс» бағаналардың орнатылуына түбегейлі қарсы болып отыр.

«Жұрт болып жиылып ЖЭС-ке бардық. Ондағы шікірейген басшысы: «ол менің столбым, мемлекеттікі де емес, сендердікі де емес, халықтікі де емес» дейді. Ақша жасаудың амалы ғой?! Әйтпесе, бүтін дүниені неге бүлдіреді? Мен соны түсінбеймін?! Айналайын, биліктегі басшылар, ауылда бұдан да басқа проблема жетеді. Осы бағаналарды сүруге кеткен ақшаға жыртық жолымызды жөндеп берсеңіздер. Бізде мәселе көп қой. Ағын су жоқ, мәдениет үйі жоқ, спорт кешені жоқ. Соны неге ескермейсіздер?», – дейді ашынған ауыл тұрғыны Әсет Мамаев.

Кеңес ауылының тұрғындары жаңадан бағана орнату жұмыстары атүсті жүргізіліп жатқанына налып отыр. Қатты желден бірнешеуі қисайып та қалған. Тіпті, бағана түбінің шіріп кетуінен сақтайтын жақпаны да қолданбаған.

Ауыл халқының көтерген мәселесіне жергілікті әкімдіктегілер араласа алмайтынын айтты. Сөздерінше, ауылдың бұл мәселесін жарық желісіне жауаптылар қарайды. Ал, желіге жауаптылар қысқа бағаналарды сапалы қызмет көрсету үшін орнатып жатқанымен сендіргісі келді. Слодай-ақ жаңа бағаналардың сапасыз орнатылып жатқанын да жоққа шығармады. Алайда, кеткен кемшіліктерді техникалық талаптарға сай түзеуге уәде берді.

«Кеңес ауылында тұрған ескі бағаналардың қуаты – 35кВТ. Ол – тиімсіз. Былайша айтқанда, үлкен каналмен аз су жіберіп жатқандай болып жатыр. Қазір біздің орнатып жатқандарымыз 10 кВт-тық желілер. Байзақ аудандық электр жүйесінің элекромонтерларына бағанаға шығып, жөндеуге кедергі туғызып келген. Енді қысқасын орнату арқылы қызмет көрсетуіміз жақсарады. Осындай мәселелерді ескере келе, бағаналарды ауыстырып жатырмыз. Қазір барлық бағананы талапқа сай орнатып жатырмыз. Алайда, кемшіліктер бар. Бірақ сол кемшіліктерді назарға алып, бақылаймыз. Қазір бұл іс аяғына дейін біткен жоқ. Жұмысты қабылдап алар кезде бәрін тағы тексереміз», – деді Жамбыл электр жүйесі Байзақ аудандық бөлімінің бас инженері Мирас Мүбараков.

Ауыл тұрғындары әкімдік қызметкерінің айтқанына сене алмай отыр. Олар талабы орындалмаса, жаңадан қойылған бағаналарды «не желдің, не елдің көмегімен құлатып тастаймыз» деп қайтпай отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама