×

Петропавлда домбыра күніне арналған шараға әкімдіктен бірде-бір адам келмеген

Мерелік шараға халық өте аз жиналды: әртістер концертті үш көрерменмен бастаған

 Самат Жақып 04.07.2022 | 12:01
фото: Halyq Uni

Шілденің алғашқы жексенбісі елімізде Ұлттық домбыра күні деп белгіленген болатын. Қазақтың ұлттық аспабын ұлықтауға арналған бұл мереке елімізде ресми түрде 2018 жылдан бастап аталып келеді. Күні кеше бұл мейрам еліміздің түкпір-түкпірінде тойланды. Бұл көштен Солтүстік Қазақстан облысы да шет қалған жоқ. Алайда Петропавлдағы салтанатты шараның шымылдығын ашуға әкімдіктен, не облыстық мәдениет басқармасынан бірде-бір шенді келмеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Домбыра – ұлтымыздың киесі, қасиеті, қазынасы. Домбыра күніне орай орай елміздің солтүстік қақпасы - Петропавл қаласында да концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Облыстық филармонияның ұжымы шаһардың басты алаңында бір жарым сағаттық концерт берді. Бірақ, салтанатты шараның ашылуына қалалық, облыстық әкімдіктегілерді айтпағанда, мәдениет басқармасынан да ешбір жауапты келмеген. Олардың айтулы шараны тиісті деңгейде насихаттамағаны да белгілі болды. Себебі орталық демалыс саябағында өткен шараға жиналған адам қарасы да өте аз болды.

«Мен осы маңдағы үйлердің бірінде тұрамын. Жексенбі болған соң велосипедіме отырып, өтіп бара жатсам концерт болып жатқанын естіп қалдым. Сосын әдейілеп бұрылып келдім. Ұлттық киім киген әртістеріміз тамаша концерт өткізіп жатыр екен. Бірақ шынын айту керек, жиналған халық жоқ. Неге жоқ? Себебі бұл мерекеге орайластырылған концерт жайлы ешқайда жарияланбады. Жұрт білмей қалды десем де болады. Жергілікті телеарнадан, не болмаса әлеуметтік желілер арқылы жарнамалауы керек еді. Жанды дауыста керемет әндер шырқалып, күйіміз көкте күмбірледі. Өзім рахаттанып, тыңдадым. Осындай мерекелерде ұлттық құндылықтарымыз, ұлттық өнеріміз барынша дәріптелуі қажет деп ойлаймын. Кейінгі толқын жастардың санасына оны сіңіруіміз қажет. Мұндай мерекеге бей-жай қарауға болмайды. Әкімдіктен де ешкім келмеген. Бұл оларға үлкен сын. Олардың тарапынан кемшілік кетті. Дұрыстап жариялап, халықты шақырып, өздері де келіп қатысса қандай керемет шара болар еді. Өтіп бара жатқан өзге ұлт өкілдері де тоқтап, әртістердің өнеріне шапалақ ұрып жатыр. Сондықтан, ұлттық өнер әрқашан ұлықталуы қажет деп есептеймін», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Әділ Сейітбеков.

80 АДАМ 15 КӨРЕРМЕНГЕ КОНЦЕРТ БЕРДІ

Облыстық филармонияның ұжымы Домбыра күні он шақты адамға ғана өнер көрсетті. Олардың қатарында дәстүрлі әншілер, күйшілер, тіпті бишілер де болды.

«Ұлттық домбыра күніне арнайы дайындаған концертіміз «Сегіз сері» атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Оған біздің дәстүрлі әншілеріміз де қатысты. Одан бөлек «Туған жер», «Әдемі-ау» би ансамбльдері де келді. Яғни бағдарлама барысында ұлттық әндер шырқалып, күйлеріміз күмбірледі. Шараға барлығы 80-нен астам адам жұмылдырылды. Олар бір сағаттан асатын концерттік бағдарлама әзірледі. Қазір біздің қаламызда «Qyzyzljar Music Fest» халықаралық фестивалі өтіп жатыр. Ол бір аптадай болады. Ол шара күнде кешкі сағат 19:00-де басталады. Сондықтан жұрт кешкісін жиналатын шығар деп ойлмайын. Есесіне осы алаңды қазір біз пайдаланып қалып жатырмыз. Кісі саны аз. Оны мойындауымыз керек», - дейді «Ақан Сері» атындағы облыстық филормонияның директоры Ботагөз Ақмағамбетова.

Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт сағат 11:00-де басталған. Өнерпаздар оның салтанатты ашылуында үш-ақ көрермен болғанын айтты.

«Ұлттық өнерімізді ұлықтау мерекесі ғой. Қазақтың өткені, мұң-мұқтажы, қуанышы барлығы осы домбыра арқылы бізге жеткен. Мұны киелі аспап деп қазақ төріне іледі. Өкінішке қарай Қызылжар қаласында ұйымдастыру жағы нашар болады ма? Әлде біреу шалыс басты ма екен? Ол жағын біз білмейміз. Бірақ ұлттық өнерге деген біздің облыс басқармасының осындай көзқарасына таңғалдық. Бірақ біз саясаткер емеспіз. Біздің міндет сахнаға шығып, өнер көрсету. Өкінішке қарай көрермен жоқ. Концертіміздің басы үш-ақ көрерменмен басталды. Оның біреуі өзіміздің филармонияның директоры екенін айта кетуміз қажет. Бұл енді орталық мәдениет және демалыс саябағы ғой. Яғни орталық алаң. Әйтеуір өткен-кеткен адамдар отыра қалып, артынша 10-15 көрермен жиналды. Біз әртістер бір адам отырса да, өнерімізді көрсетіп, әнімізді шырқаймыз. Ал енді ұлттық өнерге деген көзқарасты, оның болашағын ойлау, оның болашағын жоспарлау бізден де жоғары қызметте отырған шенділердің мойнындағы жүк деп ойлаймын. Бірақ оны сезініп жүргені бар, сезінбей жүргені бар», - дейді дәстүрлі әнші Біржан Есжанов.

Еліміздің солтүстігінде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге жергілікті билік тарапынан айтарлықтай көңіл бөлінбей жатқаны жасырын емес. Жуырда белгілі журналист, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісов СҚО-на жасаған сапары барысында әкімдік қызметкерлері, мәслихат депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері мемлекеттік тілді үйрену, оның аясын кеңейту, ономастика мәселелеріне немқұрайлы қарайтынын өз көзімен көріп, ол жайлы өз ойын әлеуметтік желіге жазған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама