Қазақстан мен Өзбекстан басшылары өңірдегі қауіпсіздікті талқылады

Халық үні

Тоқаев пен Мирзиёев сөйлесті

фото: kun.uz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгімелесу барысында мемлекет басшылары Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Президенттер келіссөздер процесін екі ел үкіметтерінің басшылығы деңгейінде жандандыруға уағдаласты, – дейді Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін талқылады. Өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Қ.Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.