Жыл басынан бері, яғни 20 күнде ғана көз жұмғандар саны жүзден асты
Қаңтар айының басынан бері жол апаттары 100-ден астам адамның өмірін қиды. Бұған қоса 400-ге жуық адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.
Соңғы аптада орын алған екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан ЖКО ерекше алаңдаушылық тудырады.
14 қаңтарда Honda Odyssey автокөлігімен келе жатқан жүргізуші Атырау облысында Доссор-Құлсары-Бейнеу автожолында ВАЗ-2115 автокөлігімен соқтығысып, салдарынан 5 адам қаза тауып, біреуі ауруханаға түсті.
Қызылорда облысында 15 қаңтарда Арал-Қазалы автожолында Mazda NPV автокөлігін көктайғақта тізгіндеген жүргізуші рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып, Volvo жүк көлігімен соқтығысты. Салдарынан 8 адам қаза тапты.
18 қаңтарда Жамбыл облысындағы Саудакент-Жаңатас автожолында КамАЗ автокөлігінің жүргізушісі бұрылыста жол бермей, Audi А6 көлігімен түйісті. Жол апатынан төрт адам қаза тауып, біреуі ауруханаға түсті.
19 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында Омбы-Майқапшағай автожолында Киа Rio автокөлігінің жүргізушісі қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын таңдамай және басып озу кезінде метеорологиялық жағдайларды (қар, боран) ескермей, Mitsubishi Outlander автокөлігімен соқтығысуға жол берді. Соның салдарынан төрт адам қаза тауып, үш адам ауруханаға жатқызылды.