Ашхабадтағы мерейтойда жүздеген адамның басынан күн өтіп, ауруханадан бір-ақ шыққан

Қанат Атаманов

Олардың жағдайы орта және ауыр деп айтылуда

Фото: ашық дереккөздерден

Ашхабадтағы ауруханалардың дәрігерлері аптап ыстықтан зардап шеккендерге орын босату үшін емі бітуге таяу қалған науқастардан емді үйде аяқтауды сұрауда деп хабарлайды «Хроника Түркіменстан» басылымы.

28-29 маусымда экс-президент, түрікменнің маңдайына Құдай берген Аркадагы Гурбангулы Бердімұхамедовтың мерейтойына байланысты бұқаралық іс-шараларға қатысқан жүздеген студенттер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, әртістер мен музыканттар апатап ыстықтан ауруханадан бірақ шыққан. Олардың жағдайы орта және ауыр деп айтылуда.

Безмейн ауданында және Ашхабад маңындағы Ақ киіз үйде (28 және 29-ында шетелдік жұлдыздардың қатысуымен концерттер болған жерлер) жедел жәрдем көліктері ыстыққа шыдай, бастарынан күн өтіп құлаған жұртты ауруханаға тасуға үлгермеген.

Бұл күндері ауа температурасы 47 градус, кейбір өңірлерде тіпті 48,5 градусқа дейін көтерілгеніне қарамастан, билік ел бойынша мерекелік шараларды тоқтатпаған.

Әлемдік БАҚ Түркіменстанның осы даңғазалығына таңдай қағып, бас шайқап жатыр.