×

«Қазақстанға келдік деп жүрсек, бәрі орысша». Ираннан келген қандастарға жұмыстың реті болмай жатыр

СҚО-да мемлекеттік бағдарлама аясында сапасыз үй салған мердігерлердің ісі сотқа жіберілді

 Самат Жақып 01.07.2022 | 17:29
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында қоныс аударушыларға деп салынған үйлердің сапасы сын көтермейді. Салдарынан оңтүстіктен көшіп келген ағайындар қазір қиын жағдайға тап болып жатыр. Айтуынша үйдің іші қыста суық. Ал әкімдіктегілер болса, мердігерлерді сотқа берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«КӨШ КӨРІКТІ БОЛМАДЫ»

Ерлі-зайыпты Ермек пен Айнұр 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Петровка ауылына Алматы қаласынан көшіп келген. Кішкентай баласының денсаулығы сыр беріпті (ауаға байланысты). Тіпті, денесі құрысып қала беретін болған. Сондықтан баласына жайлы мекен іздеп, теріскейге қоныс аударған. Бірақ мемлекеттік бағдарлама аясында алған баспанасы көңілінен шықпай отыр. Сапасыз салынған, үйдің терезелері мен төбесінен жел улейді.

«Үйдің терезелері дұрыс жабылмайды. Суық күндері жел де, жаңбыр да өтіп кетеді. Өзім жөндегендей болдым. Бірақ өзгеріс жоқ. Барлық терезені ауыстыру қажет. Ал шатырды тек тақтаймен жаба салған. Өткенде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен келген мамандарға бәрін ашып көрсеттім. Ағаш үгіндісін төседі. Бірақ жел соққанда олардың бәрі төбенің бір жағына үйліп қала береді. Соның бәрін дұрыстап жөндеп беретінін айтты. Бірақ қашан? Қажет болса барлығын өзім жасап алуға дайынмын. Бірақ баспананы жалға бермей, бізге меншігімізге аударып берсін. Аудармаса, бұзып қайта салсын. Мына едендердің барлығы шіріп кетті. Ашсаң, түгел көгеріп жатыр. Бұл үйлер 7 миллион теңгеге татымайды. Жағдайды реттемесе, кері көшіп кетемін. Ал, көшіп келгенім үшін маған берген ақшаны қайтармаймын. Сотталсам, сотталып кетейін. Ал егер дұрыстап қайта жөндеп берсе, үйдің ақшасын бірден қолма-қол санап беріп, есеп айырысуға дайынмын. Ал оған келіспесе, күзде картопты, бау-бақшамды жинап алып кетемін. Менің бар айтарым сол», - дейді Петровка ауылының тұрғыны Ермек Сахариев.

Ермек отбасымен бірге күзде кері кетуге бекініп отыр. Жүктерін де жинап қойған.

«Таза ауа ғой. Біз келгенде мал ұстауға болады, қаз ұстауға болады деген соң, армандадық. Келген едік, шыны керек арманымыз орындалып жатқан жоқ. Түскен үйіміз мынау. Мал ұстауға жағдаймыз жоқ. Екі қызымыз қайтадан Алматыға кетіп қалды. Өйткені бізде жұмыс жоқ. Сол екі қыздан ақша сұрап отырмыз, келгенімізге өкінеміз», - дейді Петровка ауылының тұрғыны Айнұр Құсайынова.

«ҚАНДАСТАР ТІЛ БІЛМЕЙ ҚИНАЛЫП ЖАТЫР»

Былтыр Петровка ауылына төрт отбасы орналасты. Олардың қатарында Ираннан келген азаматтар да бар. Бірақ қандастар тіл білмей қиналып жүр. Мұнымен қоса мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай жүр.

«Мысалы мен Иранда парсы әдебиеті тілінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Парсы әдеби тілінің маманымын. Енді мына жақта мұғалім болып істей алмайтын шығармын. Бірақ, бәрібір енді дұрыстау, өз мамандығыма сәйкес жұмыс болса деймін. Аудармашылық сияқты. Парсы-қазақ, қазақ-парсы. Сондай жұмыс тауып берсе, қазір қандастар көптен көшіп келіп жатыр ғой. Ертең солардың құжаттарын рәсімдеуге көмектесемін. Жалпы жұмыс тауып беріп жатыр. Алды Петропавл қаласына барып орналасты. Бірақ біздің азаматтар 2-3 күн істейді де, кетіп қалады. Себебі тіл білмейді. Біз Қазақстанға келдік деп жүрсек, мына жақта бәрі орысша екен. Әйелдерге тігіншілік, аспаздық, еден жуушы сияқты қарапайым жұмыстар ұсынып отыр. Үйіміздің де сапасы нашар. Өзім қалтамнан ақша шығарып жөндеп алдым», - дейді Ираннан келген қандас Қадиша Адай.

«ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАДЫҚ, БІРАҚ КЕЙБІРІ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ҚҰЛЫҚСЫЗ»

Аудандық әкімдіктегілер баспаналарды сапасыз салған мердігерді сотқа берді. Олар кемшіліктерді түзетуге толтыруға міндетті. Себебі «Еңбек» бағдарламасымен бой көтерген үйлер әлі кепілдікте тұр. «Ал қоныс аударушыларға жұмыс та, бау–бақшамен айналысамын дегендеріне жер учаскесі де берілген. Бірақ, кейбірі жұмыс істеуге ниетті емес», дейді аудан басшысы.

«Бұл үйлер 2019-2020 жылдары салынған. Оларды мемлекеттік сатып алу бойынша ашық конкурс негізінде алдық. Оны салған азаматтар - жеке тұлғалар. Бірнеше адамның атына түсірілген. Олар конкурсқа сәйкес бізге құжаттарын тапсырды. Бағалау құжаты болды, техникалық жағдайына сәйкес ол баспаналарды біз қабылдап алдық. Бірақ бір жылдан кейін кемшіліктер анықталды. Дегенмен, баспаналар екі жыл кепілдікте. Қазір құжаттарды жинап сотқа беріп жатырмыз. Соған қарамай қолдан келгенше олқылықтардың орнын өзіміз толтырып жатырмыз. Мәселен, үйдің сыртын қаптап, іштегі жылыту жүйесін жөндеп бердік. Жылу құбырларын ауыстырдық. Суы өткізілген. Электр қуаты мен септик бар. Ал жұмыс бойынша айтатын болсам, Қытайдан, Өзбекстаннан келген азаматтар бәрі мал алып, өз күнін өздері көріп жатыр. Кейбірі жалдамалы жұмыста жүр. Бастапқыда оларға да көмектестік. Ерте кездері қоныс аударғандар ортаға тез сіңісіп кетті. Оларда ешқандай мәселе жоқ. 2021 жылы 29 шілде күні маған Қадиша Адай деген азаматша келді де, осында көшіп келу ойы барын айтты. Сол кезде Николаевка ауылында 2021 жылы сапалы салынып жатқан үйлер болды. Соларды көрсеттік. Барлығын сол жерге қоныстандырайық деп айттым. Басым көпшілігі сонда барды. Ал Петровка ауылында жұмыс жағы сәл қиындау болады деп бірден ескерттім. Ол кезде Қадиша Иранда саудамен айналысқанын, жүнді өңдеумен айналысып, теріден өнім шығаратынын, кілем тоқитынын айтқан. Бәрі кәсіпкер болғандықтан жұмыс керегі жоғын жеткізді. Содан былтыр қыркүйек айында елордаға дейін автобус жіберіп, барлығын қарсы алып келдік. Қажетті жағдайдың бәрі жасалды. Елдің тұрғындары мен шаруа қодалықтары да көмек көрсетті. Келгеннен кейін олардың біреуінің де білімі жоқ екені анықталды. Күзгі орақ науқанында сағатына мың теңгеден ақша табатын жұмыстарды да ұсындық. 10 шақты күннен кейін істемейтінін айтты. Қыста үйінде жатты. Жұмыс істеймін дегендері де бар. Олар қазір облыс орталығындағы фанер комбинатына орналасты. Жалақысы 200 000 теңгеден жоғары. Қадиша Адай мен Айнұр деген азаматша аспаздықты біледі екен. Соған байланысты Явленкадағы кафе иелерімен сөйлестіп, біреуін жалға алып бердік. Наурыз айының басынан бастап бүгінгі күнге дейін солардың иелігінде болды. Кафеге халық аз келеді деген мәселелер туындап отыр. Ал халық кафе тамағының дәмді еместігін, бағасы да қымбат екенін алға тартады. Сәйкесінше халық аз барады. Пайда жоқ. Енді сол кафеден шығарып жатыр. Оған біз тыйым сала алмаймыз. Бұл бизнес. Ауданда тұрамын деген азамттар тұрып жатыр. Картоп екті. Кәсіпбін ашқандар да жоқ емес. Кейін келген ағайындардың іс бастап, ақша табуға ниеті жоқ. Сондықтан ұсынған жұмыстардың бірі ұнамайды. Естуімізше, енді ауылдағы үйді атына тегін аударып алып, өздері Петропавлға кетуді жоспарлп отыр екен», - дейді Есіл ауданының әкімі Медет Оспанов.

Жалпы биыл өңірге 2,5 мың адам көшіп келеді деген жоспар бар. Тек жарты жылда 221 отбасы квота арқылы солтүстікке қоныс аударып үлгерген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама