«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ санкциялық шектеулерді қатаң сақтайтынын айтты

Динара Амантай

Кеме иесі АҚШ, ЕО, Ұлыбритания және Канаданың санкциялық тізіміне енбеген

Фото: Halyq Uni

2022 жылғы 30 маусымда бірқатар басылымдарда қазақстандық «Жібек жолы» кемесімен Бердянск теңіз сауда порты арқылы Украинадан астық экспортталатыны туралы ақпарат жарияланды. Аталған жағдайға байланысты мекеме өкілдері түсініктеме берді.

Олардың айтуынша, «KTZ Express» АҚ 2021 жылғы 26 қазанда «KTZ Express Shipping» ЖШС (бұдан әрі – Кеме иесі) ресейлік Green Line LLC компаниясымен бербоут-чартер шартын жасасқан. Ол бойынша дедвейті 7000 тонна «Жібек жолы» кемесі үшінші тұлғаларға беру құқығынсыз мекемеге берілді (2016 жылы Невский кеме жасау және жөндеу зауытынан сатып алынды). Келісімшарт 2022 жылдың 30 қарашасына дейін жарамды. Аталған құжатта халықаралық тәжірибеге сәйкес санкциялық тармақ бар: «Green Line» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келісім-шарт жасасқан күні және әрекет ету мерзімі ішінде оларға ешқандай санкциялар қолданылмайтындығына кепілдік береді. Әйтпесе, кеме иесі келісім-шарттарды дереу бұзуға құқылы.

Сонымен бірге ҚТЖ-ның баспасөз қызметі «Green-Line» ЖШС және оның басшылығы (Шепин А.В., Тихомирова М.В.) АҚШ, ЕО, Ұлыбритания және Канаданың санкциялық тізіміне енбеген екендігін хабарлады. Бұған қоса халықаралық тәжірибеге және жасалған шарттарға сәйкес жалға алушы жүктің түрі мен оны тасымалдау бағыттары бойынша Кеме иесімен келіспейтінін атап өтті.

«Green-Line» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1999 жылдан бері астық және мұнай трейдері ретіндегі эстониялық Mangelbert OU компаниясымен Украинадан Түркияға астық тасымалдау қызметін көрсетуге ұзақ мерзімді келісімшартқа отырған.

Mangelbert OU басшысының айтуынша, 2022 жылдың 28 маусымында «Жібек жолы» кемесі Бердянск теңіз сауда портында 6 927,8 тонна бидай тиеп, порттан Түркияның Қарасу порты бағытында шықты (болжалды уақыт бойынша кеменің келуі 2022 жылдың 1 шілдесі). Сонымен қатар ол астықтың украиндық екені, ал тасымалдау украиналық тараптың өтініші бойынша келісілген гуманитарлық дәліз бойынша жүзеге асырылатындығына баса назар аударды.

Бұл ретте «KTZ Express» АҚ осы тасымалдауға қатысушылармен, сонымен бірге дипломатиялық миссия өкілдерімен белсенді консультациялар жүргізеді. «KTZ Express» АҚ қолданыстағы санкциялық шектеулерді қатаң сақтауға міндетті екенін жете түсінеді, – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚТЖ жаңа үш бағыт бойынша Talgo пойызын іске қосатынын жаздық.