Жаңа оқу жылында жалпы 400 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады деп күтіліп отыр
Үш айдың ішінде балаларды 1-сыныпқа қабылдауға 320 мыңға жуық өтініш түсіп үлгерді. Оның ішінде балалардың 70 пайызға жуығы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен, балаларды 1-сыныпқа қабылдау 1 сәуірде басталған болатын. Ал құжаттарды қабылдау мерзімі 1 тамызда аяқталады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін Оқу-ағарту министрлігі қызметті автоматтандырды және құжаттар egov.kz веб-порталы арқылы қабылданады. Сондай-ақ ата-аналар құжаттарды дәстүрлі қағаз форматында да тапсыра алады.
Ата-аналарға құжаттарды тезірек тапсыруға кеңес береміз. 1 тамыздан бастап мектептерде оқу-тәрбие үрдісін сапалы жоспарлау мен ұйымдастыру, оқулықтарды тарату, сыныптарды қалыптастыру және басқа да ұйымдастыру жұмыстары басталады. Құжат қабылдаудың басталғанына 3 ай өтті және осы уақыт ішінде 320 мыңға жуық өтініш түсті. Оның 82 пайызы электронды форматта қабылданды, - деді Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Осы аралықта қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша ең жоғары көрсеткіш Қызылорда (92,4%), Түркістан (89%) және Маңғыстау (87,1%) облыстарында тіркелген. Ал жаңа оқу жылында жалпы 400 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады деп күтіліп отыр.