Алматыда жаппай бүлікке қатысушыларға қару таратқандар ұсталды
Бұл – 19-20 жас аралығындағы жігіттер
Алматыда жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларға қару таратқандар ұсталды. Бұл 19-20 жас аралығындағы жігіттер болып шықты.
Анықталғандай, жаппай тәртіпсіздік кезінде күдіктілер қару-жарақ дүкенінен қару алып шығып, Республика алаңына жиналғандарға тарата бастаған. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында күдіктілердің жеке басын анықтады. Олар қаладағы базарлардың бірінің аумағында ұсталды. Қазір айыпталушылар қамауда отыр. Олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын міндетті түрде тексереміз, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Айта кетейік, бүлікшілерге қару таратып жатқан сәт қайғылы оқиға куәгерлерінің камерасына түсіп қалған. Кейіннен бұл видео әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке жарияланды.
- Біз қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасадық. Бізді осылай жасауға мәжбүр еткен бір топ адам болды. Сосын біз ұрлаған қару-жарақтың жартысын өздеріне алып алды, автоматтарымен сілкіп тұрды. Мен ақ түсті Lexus көлігін жүргіздім, – деді бірінші күдікті.
- Бұлар – противогаз киген, автомат пен пышақпен қаруланған адамдар. Олар бізге қаруды тез алып шығып, оны апарып беруді бұйырды. Біз бұны қорыққандықтан істедік. Бұл адамдар бізге қысым көрсетті. Автомат асынған адамдардан қалай қорықпайсың?, – деді екінші күдікті.
- Біз қаланы көлікпен араладық. Қару-жарақ дүкеніне бардық. Ол кезде оны тонап жатты. Біздің көлікке қару тиеп, алаңға алып баруды бұйырды, – деді үшінші күдікті.
Полиция бұл топ үйлестірушісінің жеке басын және ұсталғандардың әрекетінің шынайы себебін анықтауға кірісті. Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.