Оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды
Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Таласбаев аса ірі көлемде пара алғаны үшін сотталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері оның келісілген 30 млн теңгеден 13 млн 847 мың теңгені заңсыз иемденгені үшін кінәлі деп танылғанын хабарлады.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот үкімімен басқарма басшысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
«Ол пара жалпы қамқорлығы және серіктестердің дала жұмыстарын жүргізу үшін облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арзандатылған дизель отынын жеткізу жөніндегі оператор ретінде айқындауға жәрдем көрсеткені үшін арналған. Үкімді жария ету облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы ұжымының қатысуымен өтті», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тлеукенов.