«Мүгедектігім үшін мұғалім бола алмай жүрмін». Қыз алып қашудың соңы трагедиямен аяқталған

Наима Нұрәлі

Мектеп басшылығынан да, жақын туысынан да қамқорлық көрмеген Алтынайдың тағдыры жайлы

коллаж: Halyq Uni

Алтынай Құрманова елордадағы №65 мектеп гимназиясында лаборант болып жұмыс істейді. Мамандығы – тарих пәні мұғалімі. Алтынай үш жылдан бері қанша талпынса да, мектеп басшылығы оны мұғалім ретінде жұмысқа қабылдамапты. Бос жұмыс орны жоқ емес, бар. Мектеп басшылығы «Аяғымның жоқтығынан ба әлде басқа себеп пе, әйтеуір ұстаздыққа жолатпай жатыр» деп ашынады.

Алтынай тумысынан мүгедек емес. 2014 жылдың 18 желтоқсанында оны алып қашқан. Алдымен құрбысы бір отырысқа шақырады. Өтініп қоймаған соң жігітінен «ертерек үйге жеткізіп саламын» деген уәдесін алып, отырысқа барған. Тіпті, отырыстың мақсаты – Алтынайды алып қашу екенін құрбысы да ескертпеген. Содан кеш аяқталып, қыздар үйіне қайтып бара жатқанда жігттің достары көлікті тоқтатып, қыздың келісімін сұрайды. Сол кезде Алтынай келіспейтінін айтып, жолға қарай қашып бара жатқанда жылдамдықпен келе жатқан көліктің астына түскен. Жүргізуші сасқалақтап, рөлді оңға бұрғанда қыздың артынан қуып келе жатқан «күйеу жігітті» қағып кетіп, ол сол жерде қайтыс болған. Кейіпкеріміз көлік жүргізушісінің түрмеге түспегенін, тіпті үстінен қылмыстық іс те қозғалмағынын айтып, күрсінді.

«Мен ауруханада жатқанда анам жігіттің ата-анасына хабарласқан екен. Емге 1 миллион теңге қажет болды. «Ең болмаса еміне көмектессеңіздер» десе, жағдайы жоғын айтыпты. Үйге келгенімде көңіл сұрап келгені бар, анамның қолына 300 мың теңгесін ұстатты да, артынан жоқ болды. Олармен дауласып жүретін шамам болмады. Ешбір дүние менің сол кездегі күйімді ұмыттыра алмас еді», - дейді Алтынай.

Алтынай жол апытына дейін 1,5 жыл Шымкенттегі мектептердің бірінде тарих пәнінен сабақ берген. Қайғылы оқиғадан кейін бір жыл үйәнде емделіп, кейін жұмысқа барғанында әріптестерінің мүсіркегенін көтере алмаған. Сосын арызын жазып, жұмыстан өз еркімен шығып кетіпті.

«МҮГЕДЕКТІГІМДІ ПАЙДАЛАНЫП КЕТТІ»

Алтынай Шымкенттегі жұмысынан шығып, ертеңіне жаңа өмір бастау үшін елордаға келіпті. Бастапқыда ағасының үйін паналаған. Жеңгесі балаларын қаратып, кейін үйден кетуін талап етіпті. Бала қарап отырғанда бірнеше мектептен ұсыныс түскен. Алайда, жеңгесінің «қайтесің, олар сенен ақша сұрайды, уақыты келгенде жұмысқа өзім кіргізіп беремін» деген сөзіне сеніп, бәрінен бас тартыпты. Кейін жұмысқа тұрғызу былай тұрсын, үйінде де тұрғызбай қойыпты. Сосын Алтынай өз бетінше жұмыс іздеп, Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы мектепке лаборант болып орналасқан.

«200 мың теңге берсең, танысым кіргізеді деді. Ондай ақша менде қайдан болсын? Өзім мүгедекпін, жәрдемақыға күн көріп жүрген адаммын. Жеңгем бір апта ішінде пәтер тауып, үйден кетуімді талап етті. Мен асүйде ұйықтайтын едім. Түнгі 2-3-те үстімнен аттап өтіп, сау аяғымды мыжып өтетін. Қандай адам екеніне көзім жеткен соң дереу заттарымды жинап кеттім. Сол кезде ешбір туысым жеңгеме «сенікі бұрыс» демеді», - дейді ол туыстарына өкпелеп.

Алтынайдың жаңа жұмыс орнында да бәрі өзі ойлағандай басталмаған. Мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі қайта-қайта сөзбен түйреп, ауыр сөздер айтыпты.

«Іштей қынжылып жүргенде мектепте басшылардың туыстары қағаз жүзінде ғана жұмыс істейтінін біліп қойдым. Оны директорға айтып, бір апта ішінде жұмыстан шығаруын талап еттім. Олар орындамады. Сосын мен Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне хат жаздым. Нәтижесінде директор да, тәрбие ісінің меңгерушісі де жұмыстан кетті», - дейді Алтынай.

Алтынай сол оқиғадан кейін мұғалімдер қатарына қосыла алмай келеді.

Шындықты айтқаным үшін, өткенім үшін сөгеді. Орын да бар, жылда директордан сағат беруін сұраймын. Бірақ кері жауап жоқ, - дейді ол.

Мектепте буллингке ұшыраған лаборант әділдік іздеп отыр. Өзі ІІІ топтағы мүгедек. Протез алуға барғанда қазіргі күйеуімен танысқан. Ол да екі аяғынан айырылған – Алтынаймен тағдырлас азамат екен.

«Күйеуімді Алланың маған берген ең құнды сыйы деп білемін. Ол кісі екі аяғынан айырылған. Тізесінен төмен протез киеді. Бірақ протездер де ыңғайсыз. Көп жүрсе, аяғын қанатып, қажап, іріңдетіп жібереді. Бірақ күйеуім қиналса да ештеңе демейді. Өте сабырлы жан», - деп толықтырды ол әңгімесін.

Алтынай мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, жарымен бірге өз баспанасында бақытты күн кешсек деп армандайды.

Тағдырым үшін Аллаға шүкіршілік етемін. Бұрын бір досым үйленген кезде келіншегінің жүрісін сынап, «неге аяғын сылтып басатын әйел алғансың» деп сөккенім бар. Өз басымнан өткен соң бәрін түсіндім. Өмір алма-кезек деген осы, - дейді Алтынай Құрманова.