Басшылықтың ауысқанының өзі де үлкен күмән туғызады
Қоғам белсенділері Алматыдағы атышулы «Алтын Орда» базарында басшылық ауысқанмен, заңбұзушылық тоқтамағанын айтады. Тіпті, көрші елдерден келген топтар базарды өзінше бөліп, билігін жүргізеді-міс.
Былықтың бетін ашу үшін тілшілердің басын қосқан заңгер Дәурен Ғабдул қолдан жасалған қымбатшылыққа солардың тікелей қатысы бар деген пікірде.
«Сәуір айынан бастап «Алтын Ордада» баға төмендеді ме? Біз күткендей өзгеріс болды ма? Жоқ!
Базардың басшылығы ауысып, бәрі өзгереді, жалға алушыларға жақсы жағдай жасалады, тауарлардың бағасы түседі деп ойладық. Басшылықтың ауысқанының өзі де үлкен күмән туғызады.
Бұл шағын сауда орны емес қой, ірі логистикалық торап. Алматы қаласын, Алматы облысын қамтамасыз етіп отырған сауда орны. Бұл кем дегенде 3 миллион адам. Егер ол жердің жұмысында ақау болса, бұл әрқайсымыздың үстеліміздегі нанымызға, жеп отырған етімізге дейін әсер етеді», - дейді ол.
Айта кетсек, биыл сәуір айында сауда орталығына орналаса алмай, 800-дей саудагер сенделіп қалған еді. Олар наурызда салынып бітуі тиіс ғимаратқа жайғаса алмай жүргендерін жаңа басшылықтан көрді.
Енді қоғам белсенділері онда басқа былықтың да беті ашылып жатқанын алға тартып отыр. Осы мәлімдемеден кейін мардымды жағдайды түсіндіретін жауап болмаса, мәселені Ақордаға дейін жеткізбек.