×

Жыл басынан бері 1,8 млрд теңге: елімізде жерлеу рәсімінің құны да шарықтап бара жатыр

Қабір тастарының өзі 1 млн теңгеге дейін барады

 Еркеғали Болатұлы 01.07.2022 | 09:52
фото: ашық дереккөз

Қымбатшылық жерлеу рәсіміне де жетіп, ел ішінде марқұмды соңғы сапарға аттандыру жоралғысына кететін шығын 2 есеге өскен. Ranking сайты әсіресе Маңғыстау облысында бұл жоралғы 60 пайыздан 62 пайызға өскенін хабарлады.

Ал Алматыда барлық жөн-жоралғыны сақтай отырып, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға кем дегенде 150 мың теңге қаражат кетеді екен. Оның ішіне табыт, мата, кілем, мәйітті тасымалдайтын көлік пен жерлеу кіреді. Кейде марқұмды басқа қалаға тасымалдау қажеттігі туындайды. Енді бірі зират басына қоятын тасын ерекшелеуді қалайды. Ал енді бірі сапалы табыт сұрайды. Осылайша баға өсе береді дейді кәсіпкерлер.

Қажетті құрал-жабдыққа кететін шығынның өсуіне байланысты бізге де бағаны көтеруге тура келеді. Оның ішінде жанармай, ағаш, түрлі қосалқы атрибуттар, цемент, құрылыс материалдары бар. Қызметкерлерге де осыдан айлық төлейміз, - дейді КТК телеарнасы тілшілерінің сұрағына жауап берген жерлеу рәсімін ұйымдастыратын компанияның басшысы Лариса Шаронова.

Қазір қабір тастарының бағасы да әртүрлі. Сатушылардың айтуынша, ол тастың өлшеміне, салмағына байланысты болады екен. Мысалы, ең арзан тас 5 мың теңгеден басталып, үлкендері 1 млн теңгеге дейін барады. Миллионға дейін баратын гранит, мәрмәрдан жасалған биік тастар Балқаштан жеткізіледі. Дизайны да әр сатып алушының талғамына қарай өрнектеледі.

Енді биылғыға қарағанда өткен жылы арзан болды. Биыл шамамен 20 пайызға қымбаттады. Бірақ былтырғымен бірдей қылып сатуға тырысып жатырмыз. Қазір халықта ондай ақша жоқ қой, - дейді кәсіпкер Жайна Кенжалина.

Бұл ретте қарапайым бұқара жерлеу рәсімінің де монополияланғанына наразы. Нарықтағы беделін пайдаланып, бағаларын көтеріп тастау моральдік тұрғыдан да дұрыс емес деседі. Алайда халық бұл қызмет түріне жүгінуге мәжбүр. Биыл жыл басынан бергі қызметке төленген қаржы мөлшері 1,8 миллиард теңгеден асқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама