×

«Шетелге шығатын жағдайымыз жоқ». Депутаттар демалысын қайда өткізетінін айтты

Олар алдымен өңірлерді аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен таныспақ

 Дәурен Ерболат 30.06.2022 | 16:25
Коллаж: Halyq Uni

Бүгін депутаттар демалысқа шықты. Осыған байланысты Halyq Uni тілшісі биыл жазда олар қайда және қалай демалатынын сұрап білді.

Депутат Альберт Рау демалуға уақыты жоқ екенін ашық айтты.

«Сіздерді шынымен осы мәселе қызықтыра ма? Қазір біз қайда демаламыз деп емес, қайда және қалай жұмыс істейміз деген мәселеге бас қатырып жүрміз. Сіздерге түсіндірейін. Қазір ОСИ (Мүлік иелерінің бірлестігі) туралы заң жобасы керек деп бастама көтердім, 107 түзету бар. Жұмыс өте көп. Бұл дегеніңіз – жоқ дегенде аптасына бір рет жұмыс тобына қатысу керек деген сөз. Болды», - деп депутат жауабын қысқа қайырды.

«Ауылға барамын»

Депутат Елнұр Бейсенбаев шілденің алғашқы 15 күнінде өңірлерді аралайтынын, кейін демалуды жоспарлап отырғанын айтты.

«Үйдегі балаларым кішкентай. Кенже балам жақында ғана өмірге келді. Сондықтан отбасыммен бірге Алакөл мен Балқаш көліне, Түркістан мен Ақмола облыстарына, Алматы қаласына барып демалуды жоспарлап отырмыз. Ауылға да барамыз. Атқа мініп, тауды аралау да жоспарда бар. Алайда биыл шетелге шығу жоспарда жоқ», - деді ол ағынан жарылып.

«Қарапайым адаммен сөйлесудің өзі бір демалыс»

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл шетелге шығуға жағдайы жоқ екенін, өзін бай деп санамайтынын жеткізді.

Алакөл, Арал теңізінде Қамбаш деген көл бар. Туған жеріміз ғой. Бұл аймақ шекарада орналасқан. Сол жаққа барамын. Шетелге шығуға жағдайымыз жоқ. Байшыкеш емеспіз. Еліміз бен ауылмыздың тамаша табиғаты бар. Қарапайым адамдармен тілдесіп, сөйлесудің өзі бір демалыс қой. Отбасыммен бірге аталған өңірлерге барамын, - деді ол.

Депутат Артур Платонов алдымен өңірлерді аралап, халықтың жағдайын білуді жоспарлап отырғанын айтты.

«Депутаттар шамамен 1 ай демалады. Бірақ олардың қандай комитетке мүше екенін де ескеру керек. Мысалы, мен партиялық бақылау комитетіндемін. Сондықтан жұмыс істеймін. Шетелге шықпағаныма бірнеше жыл болды. Көбінесе осында (Қазақстанда, – автор) боламын. Шетелге шығу жоспарда жоқ», - деп Платонов жауабын қысқа қайырды.

«Көлікке отырып, өңірлерді аралаймын»

Депутат Ерлан Смайлов жеке көлігіне отырып, Қарағанды және Алматы облыстарын араламақ.

Қызметтік іссапар бюджет есебінен төленеді. Алдымен Қарағанды облысындағы кеншілермен кездесуді жоспарлап отырмын. Кейін өз көлігіме отырып, Теміртау және Алматы қалалары, Алматы облысына барамын. Рөлге өзім отырамын. Менің ойымша, солай дұрыс болады, - деді ол.

Сондай-ақ Ерлан Смайлов қалай демалатынын да айтып берді.

«Мен табиғат аясында демалғанды жақсы көремін. Оны орысша «активный отдых» дейді ғой. Алматы облысындағы тауларда болып, балық аулаймын. Кейін отбасыммен бірге Алакөл, Балқаш көлдеріне немесе Қырғызстандағы Ыстыккөлге міндетті түрде бару керек. Әзірше жоспар осындай», - деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, бүгін Парламенттің екінші сессиясы ресми түрде жабылып, депутаттар демалысқа шықты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама