«Препарат жоқ»: Онкологиялық науқастар бір айдан бері томографиядан өте алмай жүр
Жыл сайын елімізде 35 мыңнан астам адам қатерлікке ісікке шалдығады
Радиофарм препараттардың таусылуына байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы мен Семей қалаларындағы ПЭТ-орталықтың компьютерлік томография аппараттары жұмыс істемей тұр, деп хабарлайды Halyq uni тілшісі.
«Қазақстанда онкологиялық науқастар бірнеше айдан бері ПЭТ тексеруінен өте алмай жүр. Елімізде ондай аппарат тек үш қалада Алматы, Семей және елордада ғана бар. Онконауқастар КТ өту үшін осы үш қалаға арнайы келуі керек. Бұған қоса, алдын ала жазылу қажет. Бірнеше айдан бері сол томография өту күні ауыстырылып келеді. Оның себебін медициналық орталықтар радиофарм препараттардың болмауымен байланыстырып отыр», - дейді елорда тұрғыны Кирилл Синяков.
Оның айтуынша, әкесі көп жылдан бері меланома диагнозымен тіркеуде тұр.
«Жыл сайын осы проблемаға тап боламыз. Біресе препарат болмайды, біресе басқа себеп. Ал қатерлік ісікке шалдыққан науқастар ауыр препараттар қабылдайды. Соның нәтижесі бар ма, әсері бар ма әлде емдеу тәсілін өзгерту керек пе деген сұрақтың жауабын білу үшін кемінде жылына екі рет КТ өту керек. Әкем бірнеше айдан бері өте алмай жүр. Сол сияқты қаншама мыңдаған науқас күтіп отыр. Тіпті, астанаға немесе Алматыдағы орталыққа алдын ала жазылып, ұшаққа билет алып қойған адамдар бар. Қазір орталықтар істемегендіктен белгісіз уақытқа шегеріліп отыр», - деп қосты ол.
ПЭТ-орталықтар аппараттың істен шығуын радиофарм препараттың таусылуымен байланыстырып отыр. Препараттар Еуропа елдерден әкелінгендіктен, қазір Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс салдарынан жеткізуде қиындықтар туындап отыр.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда жаңа ПЭТ-орталықтар салу жоспарланып отыр.
«Қазіргі уақытта республика бойынша Нұрсұлтан, Алматы және Семей қалаларында 5 ПЭТ-орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар, ядролық медицинаны дамыту жөніндегі жол картасы әзірленуде. Соның шеңберінде халық саны мен өңірлердің географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, жаңа ПЭТ-орталықтар салу жоспарланып отыр», - деді Денсаулық сақтау министрлігі.
Бұған қоса, ведомство аппараттардың жұмыс істеуі үшін қажетті реагенттер мен радиофарм препараттардың Қазақстанға қашан жеткізілетінін айтты.
«Қажетті материалдарды жеткізу әлемдегі саяси-экономикалық жағдайларға байланысты қиындап тұр. Қазіргі уақытта жеткізу мәселесі шешілді, қажетті материалдар шамамен 30 күн ішінде жеткізіледі», - деді министрлік.
Жыл сайын Қазақстанда орта есеппен 35-36 мың адамның қатерлік ісік дертіне шалдыққаны анықталады. Бүгінгі күні медициналық ұйымдардағы динамикалық бақылауда 196 мыңнан астам пациент бар, олардың 20% жуығына (39 233 пациент) ПЭТ зерттеу қажет.
«Осылайша, жыл сайын елімізде 76 мыңға жуық пациент (жаңа жағдайлар + есепке алу) ПЭТ-зерттеулер жүргізуді қажет етеді», - деп қорытындылады ведомство.