×

Мақат ауданындағы наразылық төртінші күнге созылды: 21 көлік қаңтарылып тұр

Доссорда жалақысын кешіктірмей төлеуді талап еткен наразы топтың акциясы жалғасып жатыр

 Айнұр Асылбекқызы 30.06.2022 | 16:19
фото: Halyq Uni

Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентінде «BuildServiceCom» ЖШС-ға көлігін жалға бергендер мен көлік жүргізушілері еңбекақысының кешіктіріліп жатқанына наразылық білдіріп, төрт күннен бері жұмысқа шықпай отыр. Наразылық акциясы 27 маусым күні басталған.

«BuildServiceCom» ЖШС - «Ембімұнайгаз» АҚ өндірістік құрылымдық бөлімшесі «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының мердігер компаниясы. Компания басқарманы көлік құралдарымен қамтамасыз етеді. «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының жұмысшыларын тасымалдайды.       

Наразылыққа 20-дан астам адам шыққан. Олардың алтауы «BuildServiceCom» ЖШС көлік жүргізушісі, қалғаны – компанияға көлігін жалға беріп отырған жеке кәсіпкерлер, яғни, субмердігерлер. Олар мердігер мекемеге бірқатар талап қойып отыр.

Мердігерден көлікті жалға беру келісімшартын қайта қарастыруды сұрап, еңбекақысын әр айдың 10-ы мен 15-інен кешіктірмей төлеуді талап етеді. Ал, компанияда жұмыс істейтін көлік жүргізушілері зейнетақы аударымы мен түнгі ауысым жұмысына шыққаны үшін үстеме ақы төленбей отырғанын айтады.

Олар талабы орындалмаса, наразылық акциясын жалғастыра беретіндерін жеткізді.

Аты-жөнін жарияламауды өтінген көлік жүргізушісі компаниямен былтыр келісімшартқа отырған. Оның сөзінше, ол аптасына бес күн жұмыс істеп, 560 мың теңге жалақы алады. Ал айына толық жұмыс істейтіндер 760 мың теңге алады.

«Біз әр ай сайын жалақымызды ертерек аударып жіберуді сұрап келеміз. Бізге келісімшарт бойынша 30 күн уақыт бар деген жауап айтады. Ақшаны ертерек аударып жіберуіне болмай ма, дәл 30 күн толуын күтпей? Біз қаншама шақырым жол жүреміз, бензин мен дизель отынының ақысы жалақыға енбеген. Жанар-жағармай алатын ақшамыз болмаған соң көлігіміз тоқтап тұр. Есесіне, жұмысты да тоқтатуға мәжбүрміз. Біз талабымыз орындалмайынша осында тұра береміз», - дейді наразы топтың мүшесі.

Ал, Рамазан Оразбаев есімді азамат компанияның өзінде көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Өзімен қосқанда компания штатында жұмыс істейтін алты көлік жүргізушісі де жалақысын кешіктірмей төлеумен бірге зейнетақы аударымдары мен түнгі ауысымдық жұмысы үшін үстеме ақы төлеуді талап еткен.

«Біздерге мамыр айының жалақысы 27 маусымда төленді. Біз де жалақыны әр айдың 10-ы мен 15-інен кешіктірмей төлеуді сұраймыз. Сосын біз жексенбі күні түнгі ауысымға шығамыз. Бірақ, бізге демалыс күні және жұмыс уақытынан тыс түнде жұмысқа шыққанымыз үшін үстеме ақы төленбейді. Сұрасақ, ертесіне түске дейін демалатынымызды айтады. Алайда, ертесіне демалуға болғанымен, бізге цех басшылары директор кеңесіне апарып тастауды өтінеді. Кейін Доссорға барып ұйықтап алуға болатынын айтады. Бірақ, олай бола ма? Ұйқың қанбай жолға шығуға болмайды ғой. Зейнетақы аударымдарын да бір жылдан бері көрмедік», - дейді Оразбаев.

Біз «BuildServiceCom» өкілі Дамир Балтабаевқа хабарластық. Ол келісімшарт бойынша және орындалған жұмыстардың актісіне сәйкес оған қол қойылған күннен бастап қосалқы мердігерлерге көрсетілген қызметі үшін 30 жұмыс күн ішінде еңбекақысын төлеуге міндеттелгенін айтады.  

Сонымен қатар, ол зейнетақы аударымдарын кешіктіруге қаңтар оқиғасы мен жұмысшыларға ақпан айында жалақыны 20 пайызға көтергендіктен қаржылық қиындықтар туындағанын және сол себепті зейнетақы аударымдарын алты айда бір төлеуге шешім қабылданғанын жеткізді. Кейін ол жұмысшылардың алдындағы зейнетақы аударымдарының 29 маусым күні толық төленгенін айтты.

Айтуынша, жұмысшының әр сағаты орындалған жұмыстар актісі бойынша төленіп отырады және мекеме өз міндеттемесін келісімшартқа сәйкес толық орындап отыр. Балтабаев көлікті жалға беріп отырған субмердігерлердің талабы орынсыз деп санайды. Айтуынша, олармен арадағы келісімшартты бұзу мәселесі де қарастырылып жатыр.

Өйткені, олар жұмысқа шықпай, өз міндеттемелерін орындап жатқан жоқ, - дейді Балтабаев.

Компания басшылығы 29 маусым күні Доссор кентіне барып, наразы топпен кездесті. 

Бүгін кездесудің немен аяқталғанын білу үшін кеше аты-жөнін атамауды сұраған наразы топтың бір мүшесіне хабарластық. Ол компания басшылары келіп сөйлескенімен, ештеңе шешпегенін айтады. Наразы топ бүгін де жұмысқа шықпай, таңғы сағат 8-ден бастап Доссор кентінде наразылығын жалғастырып жатыр.

«Біз мамыр айындағы еңбекақымызды әлі алмадық. Әлі маусымдағы 26 күннің еңбекақысы төленуге тиіс. Біз бар болғаны келісімшарттағы еңбекақыны әр айдың 30-ына дейін төлену керек деген тармағын 15-іне дейін төлеу керек деп өзгертуді талап отырмыз. Бізге компания басшылары оны өзгерте алмайтынын айтады. Оған заңгердің 5-6 күні кетеді екен. Қазір наразы топтың 21 көлігі тоқтап тұр. Орнымызға басқа көліктерді іздеп жатқан сияқты», - дейді наразы топтың өкілі.

Ал компания өкілі Дамир Балтабаев олармен барып кездескенін, сөйлескенін, алайда барлық жайтты айта алмайтынын жеткізді.

Өйткені сол жерде келіскен нәрселер бар, талаптарды қарастыратын болдық. Әзірге осылай, нақты жауап жоқ. Кейін сізге бір хабарын берермін, - деді ол.   

«Ембімұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі «Біз өз тарапымыздан екі ортада бекітілген келісімшарт талаптарын толықтай сақтап отырмыз. Мердігерден келіп түскен жұмыс актісі бойынша құжаттарға сәйкес 30 күн ішінде төленуге тиіс. Бірақ, біз 10 күнге жеткізбей аударып отырмыз. Жұмысшылардың реніші мердігер мекеме мен жұмысшылар арасындағы бекітілген келісімшартқа байланысты. Бұл мердігердің ішкі жұмысы, біз оған араласа алмаймыз. Оған құқымыз да жоқ. Мердігер ішкі жұмысын өзі реттеуі керек», деп жауап берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама