×

Яндекс.Таксиге жолаушы да, жүргізуші де наразы. Қазақстандық баламасын жасау мүмкін бе?

Рубль бағамының көтерілуінен такси құны қымбаттап кетті

 Ая Өміртай 30.06.2022 | 15:36
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда балаларды қауіпсіз тасымалдауға арналған UvU такси қызметі былтыр қаңтар айынан бері 110 мыңнан астам тасымал жасаған. Такси қызметінің басты ерекшелігі сол – мұнда такси жүргізушісі ретінде іріктеуден өткен әйел адамдар ғана таңдалады. 

Осы орайда Halyq Uni тілшісі жоба жетекшісі Мадияр Төлеуғалимен сөйлесіп, такси агрегаторлары қызметі туралы кеңірек сұрады. 

«Біздің жобаның басты мақсаты – ең алдымен қауіпсіздікті сақтау. Балалармен жұмыс істеген бір жарым жыл ішінде жүргізушілерді дұрыс таңдауды үйрендік. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, біздің іріктеудің барлық кезеңінен 5 жүргізушінің біреуі ғана өтеді. Яғни, жүргізушілердің барлығы қатаң іріктеуден өткен әйелдер және сервис қызметін арнайы шақыру бойынша ғана пайдалануға болады», - дейді Мадияр Төлеуғали. 

ӘЙЕЛДЕР ЖОЛ-КӨЛІК ЕРЕЖЕЛЕРІН МҰҚИЯТ САҚТАЙДЫ

Оның айтуынша, әйелдер ерлерге қарағанда көлікті ұқыпты басқарады және жол-көлік ережелерін сақтауға келгенде мұқият. Бұл ретте компания арнайы сауалнама жүргізе отырып, тұтынушылар пікіріне де сұрап көріпті.

Сауалнамамыздың негізінде тұтынушыларымыздың 75%-ы ерлерге қарағанда әйел жүргізушілерге көбірек сенетіні анықталды. Сонымен қатар, такси жүргізушілері балаларды ғана емес ересек қыздарды да тасуға дайын екенін жеткізді. Өйткені таксидегі харассментке тосқауыл қою өте маңызды. Әрине, біз мұндай үлкен мәселені толығымен шеше алмаймыз, бірақ көмектесуге тырысамыз, - дейді ол.

Мадияр Төлеуғали Қазақстанда отандық меншік такси тапшылығының бірнеше себебін атады. Оның айтуынша, ыңғайлылық пен қаржы мәселесі шешілмейінше нақты нәтижеге қол жеткізу қиын. 

«IT мамандар мен технологиялар жеткіліксіз немесе ыңғайлы мобильді қосымша жасай алмаймыз деп айта алмаймыз.  Біздің командада Яндекс, Amazon және Facebook-те тәжірибесі бар мамандар бар. Бұл мәселені шешу үшін жүргізушілер мен жолаушыларға субсидия ретінде қыруар қаржы бөлу керек. Бұл жерде миллиардтаған теңге туралы сөз болып отыр», - дейді Мадияр Төлеуғали. 

Оның айтуынша, агрегаторлық шешімдер бұқаралық нарық санатына жататындықтан баға мен жылдамдық басты орында тұруы заңдылық. Сонымен қатар көлік мәселесін шешу көптеген мемлекеттердің күн тәртібінде тұр. 

ТАКСИ ТАРИФІ ҚЫМБАТТАП БАРАДЫ

Қазақстандық нарықта бәсеке аз болғандықтан әрі ыңғайлы болуымен Yandex Go, inDriver сынды серіктес компаниялар тез танылды. Мәселен, «Яндекс.Такси» қызметі алғаш рет Қазақстанда 2016 жылы тіркеліп, жұмыс істей бастады. Бастапқыда шақырымына 100 теңгеден есептелетін такси құны алты жылда бірнеше есеге қымбаттаған. Компания сайтында эконом такси қызметінің бағасы 1 шақырымға ең минималды сома 350 теңгеден, комфорт такси құны 599 теңгеден басталады деп көрсетілген. 

Әйтсе де жолаушылар мұндай арзан тарифке такси шақыру неғайбыл екенін айтады. Өйткені такси бағасы рубль бағамына байланғандықтан, рубль-теңге бағамы өскен сайын такси қызметі де шарықтай береді.

Мәселен, 2022 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы такси тарифтері бір жылда 7,1%-ға өскен. Әсіресе Түркістан, Қостанай, Маңғыстау облыстарында 14 %-дан 28 %-ға күрт қымбаттаған. 

Есімін атамауды сұраған астаналық Н.есімді азамат «Яндекс.Такси» жүргізушісі болып екі жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Ол күндіз сауда орталықтарының бірінде мобильді телефон мен қосалқы бөлшектерін сатады.

Сағат таңғы алтыдан онға дейін қаладағы жолаушыларды тасимын. Күндіз өзімнің дүкенімде жұмыста боламын. Кешкі алтылардан түнге дейін қайта кісі тасимын. Орта есеппен айына 350-500 мың теңге аралығында табыс түседі. Соманың 18 %-дан астамын компания комиссия есебінде ұстайды, деген ол комиссия қызметінің қымбат екенін айтады. 

Бұдан бұрын Шымкентте такси жүргізушілері қаладағы арзан тариф пен жұмыс беруші тарапынан комиссияның жоғары екендігін айтып, ереуілге шыққан болатын.

Жуырда елордалық Мадияр Қадырбекұлының «отандық такси қызметі болса, шетелдік компанияларға жүгінуден бас тартамыз» деген сыңайдағы тикток үндеуі желіде тез таралып кетті. Қаралым саны үш күннің ішінде миллионға жуықтаған таксистің сөзінің жаны бар. 

«Сервиске бір емес он мыңдаған такси тіркелген. Қаншама қала бар. Бір астананың өзін есептегенде қанша миллион табыс шетел асып кетіп жатыр. Өзімізге жетпей жатқан ақша ғой», - дейді Мадияр.

«ЯНДЕКС. ТАКСИГЕ» БАЛАМА ЖАСАУ ТИІМСІЗ – МУСИН

Бұл орайда Цифрландыру, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанда «Яндекс.Такси» қызметін алмастыратын жоба жасау тиімсіз екенін айтты.

«Естеріңізде болса, Didi такси жобасын іске қосқан болатынбыз. Алайда ол нарықта қала алмады. Қытайда бар ақшаға қарамастан, ол «Яндекс.Такси» қызметімен бәсекелесе алмады. Миллиардтаған доллар қажет. Бұған венчурлық инвесторлар инвестиция салуы қажет», - деп жауап берді министр.

Осылайша Мусиннің ыңғайынан жуық арада отандық такси қызметі іске қосыла қоймайтынын аңғардық. Редакция тілшісінің «Шетелдік такси агрегаторларын алмастыруға тиісті қолдау көрсете ме?» деген министрлікке жолдаған сауалы жауапсыз қалды.

АЗАМАТТАРДЫҢ ЦИФРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ НҰҚСАН КЕЛУІ МҮМКІН БЕ?

«Яндекс.Такси» компаниясында қазақстандық жолаушылардың жеке деректері енгізілген. Бұл ретте қолданушының жеке нөмірі мен банк картасы есепшоты тіркелгендіктен олардың ішкі және сыртқы қатерден қорғалуы маңызды.

«Азаматардың цифрлық қауіпсіздігіне нұқсан келу қаупі бар ма» деген сауалымызға туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі дербес деректер заңнама талаптарына сәйкес қорғалатынын жеткізді.

«Азаматтардың дербес деректеріне қатысты ақпараттық қауіпсіздікке нұқсан келу қаупі бойынша алғышарттар жоқ. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 22-бабына сәйкес, меншік иесі және оператор, сондай-ақ үшінші тұлға дербес деректерді қорғау жөнінде қажетті шаралар қолдануға міндетті. Сондай-ақ, «Яндекс.Такси» такси қызметіне қатысты қазақстандықтардың дербес деректерінің заңсыз жиналуы және өңделуі фактілері тіркелген жоқ», делінген ресми жауапта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама