×

АҚШ Қытайдың 5 компаниясын Ресей армиясына қолдау көрсетті деп айыптады

Қара тізімге Ресей, БАӘ, Литва, Пәкістан, Сингапур, Ұлыбритания, Өзбекстан және Вьетнам сияқты елдерден тағы 31 компания енді

 Динара Амантай 30.06.2022 | 14:51
Коллаж: Halyq Uni

АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Ресей армиясына әскери көмек көрсетті деген айыппен бес қытайлық компанияны қара тізімге енгізді, – деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі vesti.ru желілік басылымына сілтеме жасап.

Қара тізімге енгізу процесін қадағалайтын АҚШ Сауда министрлігі Қытайдың Connec Electronic, King Pai Technology, Sinno Electronics, Winninc Electronic және World Jetta (HK) Logistics компаниялары осы тізімге енген әрі санкция аясындағы ресейлік ұйымдарға тауар жеткізуге байланысты келісімшарт жасасуды жалғастырып жатқанын айтты.

Сонымен бірге қара тізімге Ресей, БАӘ, Литва, Пәкістан, Сингапур, Ұлыбритания, Өзбекстан және Вьетнам сияқты елдерден тағы 31 компания енді. Қосылған 36 компанияның 25-і Қытайда сауда операцияларын жүргізген болып шықты.

Бұл әрекеттер бүкіл әлемдегі бизнес пен жеке тұлғаларға, егер олар Ресейді қолдауға тырысатын болса, АҚШ та олардан теріс айналатыны туралы айқын белгі береді, - деп мәлімдеді АҚШ Сауда министрінің өнеркәсіп және қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Алан Эстевс.

Бұл қытайлық фирмалар ресейлік әскерилерге тауар жеткізе ме деген сұраққа Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Чжао Лицзянь бұл айыптауларды растамады да, жоққа да шығармады. Дегенмен Қытай АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларына қарсы екенін қайталады.

«Қытай мен Ресей өзара сыйластық пен өзара тиімділікке негізделген қалыпты сауда ынтымақтастығын жүзеге асырады. Бұған ешбір үшінші тараптың араласуына немесе шектеу қоюына жол бермейміз», – деді ол Бейжіңдегі баспасөз мәслихатында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама