Бүлікке қатысушыларды бейбіт шерушілер ретінде көрсетуге тырысатындар көп – сенатор
Ләззат Сүлеймен қаңтардағы қақтығысқа қатысты пікірін айтты
Бүгін сенат отырысында депутат Ләззат Сүлеймен озбырлық пиғылымен мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылған бүлікшілердің толық анықталуы, қатаң жазалануы – халық талабы екенін жеткізді.
Бас прокуратура жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан 4,5 мыңнан астам адам зардап шекті, 4353 адам түрлі жарақат алды, оның 3393-і – қарулы күш қызметкерлері. Ал 225 адамның денесі мәйітханаларға жеткізілгенін жария етті.
Жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды бейбіт шерушілер ретінде көрсетуге тырысатындардың да саны көбеюде. Қарулы оқиғалар кезінде және төтенше жағдай енгізілгеннен кейін түрлі құқықбұзушылық жасағаны үшін қазір 2 мыңнан астам адам ұсталды. Бұл адамдардың ішінде бейбіт митингке қатысушылар, жаппай тәртіпсіздік жасаған бұзақылар, ұрлықшылар, лаңкестер, содырлар тобы нақты анықталып, барлық кінәсі мен жазасы қылмыстық әкімшілік заңнамаға сәйкес нақты белгіленуі міндет. Яғни, бейбіт адамдардың әділетсіздік құрбанына айналуына жол берілмеу керек, - деді сенатор Л.Сүлеймен.
Оның айтуынша, қазір ақпараттық кеңістікте осы мәселеге байланысты күштік құрылымдар мойнына қылмыс тағып жатыр. Адам құқығы бұзылуда деген түрлі қарама-қайшы пікірлер таралып отыр.
Мемлекетіміздің конституциялық негізіне балта шапқысы келген лаңкестердің жоспарлаған әрекетіне бейбіт шерушілер қолжалғау болған. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың жауаптылықты ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдету үшін шара қабылдаған жөн деген пікірімен толық қосыламын. Мемлекеттік құзырлы органдардың қызметі барынша ашық әрі объективті болуы керек. Барлық жайт жасырылмай, ашық айтылуы міндетті, - деді депутат.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.