×

«Дандайсып кеткен кездеріміз болды»: Асанәлі Әшімов ұлдарының өліміне өзін кінәлады

Аралары 1,5 жас еді, біреуі жылдың басында, біреуі соңында кетті

 Еркеғали Болатұлы 30.06.2022 | 11:47
фото: ашық дереккөз

Қазақ КСР Халық артисі, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов 1993 жылы зайыбынан, ал 1999 жылы қос ұлынан айырылды. Журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына берген сұхбатында ол басынан осы қайғылы жағдайларды қалай өткергенін айтты.

Үйде есікті іліп алып, айқайлаған кезім болды. Тауға шығып алып, «Майра деп айқайлайтынмын. Сондай әрекеттермен аман қалдық. Ауырдық, ауруханаға түстік. Жан бөлек болғаннан кейін тірі адам тіршілігін жасайды екен, – дейді Асанәлі Әшімов.

Осы орайда ол екі ұлы Сағи мен Мәдидің қатарынан қайтыс болуын тіл-көздің барымен байланыстырды. Кеңес заманында «Құдайдың жоқ екеніне» сеніп өскен актер ұлдарынан айрылған соң, ол ойының өзгергенін жасырмады.

Біз атеист болып өстік қой. 70 жыл бізге Құдай жоқ деп үйретті. Бірақ екі балам кеткенде Құдайдың бар екенін сездім... Сағи аяқ астынан кетті. Бөлек тұратын. Үйге келіп қонып, апаммен екі сағат сөйлесіп, ваннаға ұзақ түсті. Залға жатайын деп төсек салып, жатып қалды. Содан таңертең тұрмай қалды ғой. Мәдиім екі айдай ауырды. Аралары 1,5 жас еді, біреуі жылдың басында, біреуі соңында кетті. Обал болды, – деп көзіне жас алды Асанәлі Әшімов.

Қазір ол ұлдарының өліміне өзін кінәлап жүр. Кейбір жасаған күнәлары үшін Жаратушы солай жазалады деп ойлайды екен.

«Кейде өзімнен көремін. Дандайсып кетіп қалған кездеріміз болды. Алла Тағала кішкене қағып жіберді ме деймін. Атақ-абыройлар көтеріп жіберген кездер болды. «Мә, саған көрсетейін!» деп төбемнен бір-ақ ұрғандай», – дейді актер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама