Almaty қонақ үйін Фаррух пен Сухраб Махмудовтар сатып алды

Дастан Жұмабекұлы

Отельдің жаңа иесі - Orbis Kazakhstan компаниясы

фото: forbes.kz

Алматыдағы Almaty қонақ үйі аукционда Orbis Kazakhstan компаниясына сатылды.

Бұл туралы Forbes.kz хабарлады.

Almaty  қонақ үйі 1967 жылы салынған. Ол өткен ғасырдың 90-жылдары тұралап, 2000 жылдары екінші демін алып, жұмыс істеп келеді. 2006 жылы оны Astana Group компаниясы сатып алды. Сол кезде қонақ үй күрделі жөндеуден өтіп, ажары ашылды.

Енді Алматының атақты отелін басқа кәсіпкерлер сатып алып отыр. Жақында ол аукционда Orbis Kazakhstan компаниясына сатылды. Компанияның иелері - Фаррух пен Сухраб Махмудовтар. Олар экономиканың барлық саласында жұмыс істейді. Orbis Kazakhstan-ның жұмысы мұнайхимия, авторитейл, агробизнес, құрылыс пен басқа да салаларды қамтыған.   

Astana Group-тың басшысы Нұрлан Смағұловтың айтуынша, компания 16 жылдан бері отельдің сақталып, одан сайын жақсы жұмыс істеуі үшін қолда бар барлық жағдайды жасаған.

Біздің компания Almaty-ның баяғы 60-жылдардағы түр-түсін, келбетін сақтап қалу үшін барлық жағдайды жасады. Онымен бірнеше жыл бойы айналыстық. Енді сатылымнан түскен ақшаны біз Almaty Museum of Arts қазіргі заманғы өнер музейінің құрылысына жұмсайтын боламыз. Мұражай 2024 жылдың ортасында ашылады. Алматының ажары осылай ашыла береді, - деді ол.

Ал Orbis Kazakhstan-ның өкілдерінің айтуынша, қонақ үй бұрынғы режимде жұмыс істей береді. Оның сыртқы келбеті, ішкі дизайны өзгермейді. Сол қалпында қалады.