Депутаттар ҚР президенттің ұсынысын қабылдады
Қазақстанның 430 әскери қызметшісі БҰҰ бітімгершілік миссиясына жіберіледі, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Конституцияның 53-бабы 5-тармақшасына сәйкес, Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша Парламент палаталарының бірлескен отырысында халықаралық міндеттемелерді орындау үшін республиканың Қарулы күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды.
Осыған байланысты Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов палата депутаттарының алдында Мемлекет басшысының ұсынысын оқып берді.
«Бүгінде Қарулы күштердің әскери қызметшілері Парламент қаулыларына сәйкес, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін БҰҰ бітімгершгілік миссияларына жіберіліп отырды. 2014 жылдан бастап 45 офицер Батыс Сахарада, Кот-д’Ивуа́рда, Ливандағы миссияға әскери байқаушы және штаб-офицері ретінде, 2018 жылдан бастап – 520 әскери қызметші бітімгершілік бөлімше құрамында Ливандағы уақытша күштер миссиясына қатысты. Қазір Батыс Сахарада – 6, Ливандағы уақытша күштерде – 9 әскери қызметші жүр», - деді министр.
Сондай-ақ отырыста Қазақстан штаб офицері, әскери байқаушы ретінде қазіргі миссияда анағұрлым тапшы болып отырған жаяу әскер, медициналық барлау, инженерлік, әскери полиция бөлімшесін бөлуге дайын екені белгілі болды.
«Конституцияның 53-бабына сәйкес, бітімгершілік контингент жалпы саны 430 әскери қызметшіні бірінші – Орталық Африкадағы тұрақтандыру жөніндегі миссияға, екінші – Конгодағы тұрақтандыру жөніндегі миссияға, үшінші Малидегі тұрақтандыру жөніндегі миссияға, төртінші – Ливандағы уақытша күштер миссиясына жіберу туралы ұсыныс енгіземін», - деп жазылған Мемлекет басшысының ұсынысында.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар ҚР президентінің ұсынысын қабылдады.