×

Атырау облысында бюджетке 11 млрд теңге қайтарылды

Тексерістің нәтижесінде ақша 1,5 жылда 100 пайызға дейін үнемделді

 Дастан Жұмабекұлы 30.06.2022 | 08:41
Көрнекі фото

Атырау облысында соңғы 1,5 жылда мемлекет бюджетіне 11 млрд теңге қайтарылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Досановтың айтуынша, мемлекет кірісіне 1,1 млрд теңге қайтарылған. Бұл келтірілген залалдың 96 пайызы. Биыл азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берілмеген. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында кеңінен қолданылатын шараның бірі – мемлекеттік органдардың еңбек ұжымдарында сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық жасаудың шарттары мен алғышарттарын жою туралы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 200-бабы тәртібінде ұсыныстарды қарау.

«Соңғы бір жарым жылда сыбайлас жемқорлыққа қатысты 82 қылмыстық іс өндіріспен аяқталды. 63 қылмыстық істің сотқа жолданды. Бұл істер бойынша кінәлі деп танылған 48 адам сотталды. 8 адам бас бостандығынан айырылды. 35 адамға айыппұл салынды. 5 адамға басқа да жаза тағайындалды», - деді Ерлан Досанов.

Департамент қызметкерлері мемлекеттік сатып алу веб-порталына мониторинг жүргізіп, тауарлар мен қызметтерге бағаны жасанды түрде көтеретін салаларды анықтаған. Оның ішінде білім беру саласында - 15, денсаулық сақтау мекемелерінде 13 дерек тіркелген.

«Мемлекеттік сатып алу веб-порталына жүргізілген тұрақты мониторингтің қорытындысымен берілген ұсыныстарымыз бойынша 1,5 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді. Асыра бағалау фактілері 103 мемлекеттік органда анықталды. Осындай мониторингтің нәтижесінде мемлекетке залал келтірілмеді. Мемлекеттік сатып алу саласындағы қылмыстық құқық бұзушылық 6 есеге төмендеді», - деді департамент басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама