Олар суға түсуге тыйым салынған жерде шомылған
Әлеуметтік желіде Түркістан облысындағы Ақсу өзеніне суға батып, опат болған үндістандық студенттердің видеосы тарады.
Шымкент медицина академиясында оқитын шетелдік студенттер ән айтып, би билеп жатқанда достары суға кетіп қалады-ау деп еш күдіктенбегендері көрініп тұр. Кадрда бір топ жас жігіттің Ақсу шатқалындағы өзен жағасында көңіл көтеріп жатқаны көрінеді.
Артында көңілді үнді әні ойнап тұр, жігіттер билеп жатыр. Достарының бірін қатты ағыс ұйыққа қалай апарып тастағанын байқамай қалған. Жас жігіт ағысқа қарсы жүзуге тырысқан, бірақ қатты ағыс оны одан әрі алып кетеді. Суға батып бара жатқан адамды байқаған достар қол ұстасып, көмектесуге тырысады. Осыдан кейін бейне үзіледі.
Қайғылы оқиға 26 маусым күні сағат 16.00 шамасында болған. Шымкенттегі медициналық академияда білім алған Үндістаннан келген екі студент Ақсу шатқалында суға батып кетті. Жігіттердің жасы 20-дан сәл ғана асқан еді. Оқиға орнына кейінірек Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келеді, бірақ екі студенттің денесі әзірге табылмай отыр.
Айта кетейік, Облыстық төтенше жағдайлар департаменті суға түсуге тыйым салынған жерде суға батып кеткен Үндістаннан келген екі студентті Төтенше жағдайлар департаментінің күштері (26 қызметкер, жүзу нысаны және төрт техника) іздестіріп жатқанын хабарлаған болатын.