Halyq Uni логотип
×

Енді жеке куәлікті 5 минутта аласыз – Бағдат Мусин

Алыс ауылдарға электр бағаналары тартылады

 Дастан Жұмабекұлы 29.06.2022 | 17:20
Енді жеке куәлікті 5 минутта аласыз – Бағдат Мусин
фото: mnews.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин кеше Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру және IT саласын дамыту мәселелеріне арналған Үкіметтің кезекті отырысында жасаған баяндамасын кеңірек тоқталып, жаңалықтар айтты.

Ол жақын арада халық жеке куәлікті 5-10 минутта ала алатынын хабарлады.

Біз Ішкі істер министрлігімен бірігіп біртіндеп арнайы терминалдарды қолданысқа енгіземіз. Сөйтіп, құжаттарды миграция мамандарына жүгінбей-ақ, терминал арқылы ресімдеуге болады, - деді ол.

Одан әрі министр мемлекеттік қызметтерді цифрландыру туралы заң жобасында елді цифрландыру бойынша бірнеше мәселенің қамтылғанын айтып, бірінші кезекте бәрінен бұрын мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту, яғни адами факторды азайтып, қызмет көрсету уақытын қысқартуды қолға алу керектігін атап өтті.

Платформалық модель мен бірыңғай архитектура қалыптастыру арқылы шығыны көп ақпараттық жүйелерді реттеп, қажетсіз базаларды қысқартуға болады. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметтерді көрсету жылдамдығы артып, азаматтарға да, мемлекеттік органдарға да қолайлы және тиімді жағдай жасалады, - деді ол.

Сондай-ақ ол шалғай ауылдарда тұратын халық үшін «цифрлық нүктелердің» ашылатынын айтты.

Бұл мәселені мен «Қазпошта» АҚ-та жұмыс істеп жүргенде көтерген едім. Бәріне белгілі, Қазақстанның түкпір-түкпірінде, тіпті ең алыс ауылдарда «Қазпоштаның» ғана бөлімшелері бар. Сондықтан осы бөлімшелерде тек пошта қызметтері ғана емес, мемлекеттік қызметтер де ұсынылатын болады. Әйтпесеғ тұрғындар қаладағы немесе аудан орталығындағы ХҚКО-ға баруға мәжбүр болып жүр», - деді Мусин.

Ал алыс елді-мекендерді байланыспен қамту мәселесі туралы министр байланыс желісін электр жеткізу желілерінің бағандары арқылы өткізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, электр жеткізу желілері бар жерге байланыс барады. Ал мұндай мүмкіндік болмаған жерлерге байланыс спутник арқылы жеткізіледі.

Ол әлеуметтік саладағы цифрландыру жұмыстары туралы да айтты. Бұған дейін мүгедектікті растайтын құжат алу үшін адам бірнеше мекемені аралап, түрлі анықтамалар жинау керек болатын. Енді министрдің деректеріне қарағанда, адам көп ұзамай мүгедектігін куәландыру үшін мекемелерді араламай-ақ, бір ғана мекемеге – өздерінің емханаларына жүгінетін болады. Көпбалалы аналарға да жәрдемақы проактивті түрде тағайындалатын болады. Енді олар жәрдемақы ресімдеу үшін құжат жинап жүрмейді. Қызмет автоматты түрде көрсетіледі. Жаңа заң жобасының басты міндеті – азаматтар мен мемлекеттік органдардың өзара байланысын нығайту. Арыз-шағымдар, өтініштер мен басқа да құжаттарды әп-сәтте жолдауға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама