×

Елордада 300 мың долларға салынған зираттар бар – наиб имам

Ол қаражатқа кедейлердің баспана мәселесін шешуге болады

 Еркеғали Болатұлы 29.06.2022 | 16:56
фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Саят Серікұлы елорда маңында құны 40-50 миллион теңге болатын қабірлердің бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл елде зират орнатудың жалпыға ортақ тәртібінің болмауының салдары.

Бағалы материалдардың қайтыс болған кісіге ешқандай пайдасы жоқ. Бізде қабір салу бәсекеге, мақтанға айналып кетті. Тіпті бағасы 250-300 мың долларға дейін баратын зираттар бар. Астананың маңайында құны 40-50 млн теңге болатын қабірлер көп. Бұл бірінші кезекте үлкен ысырап. Одан да сол қаражатқа кедейлердің баспана мәселесін шешуге болады. Осы жақсылықтың сауабы қабірге барады. Шариғатта марқұмның атынан жақсылық жасау құптарлық іс екенін айта кеткім келеді, – деді наиб имам Azattyq Ruhy-на берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол елде әркім өз білгенінше зират тұрғызғандықтан, адам жерлеуге арналған орын тапшылығы байқалатынын айтты.

«Біздегі проблеманың бірі адам жерлеуге арналған орындар тапшы. Өйткені әркім өз білгенінше салып жатыр. Біреуі 5 метр, енді бірі 50 метр жер алған. Зират салатын орынды әкімшілік белгілейді. Ондай орындар 5-6 жылдың ішінде толып қалады. Егер зиратта ірі құрылыс жүрмегенде, жерлейтін орындардың жартысы бос болар еді», – дейді Саят Серікұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама