Halyq Uni логотип
×

22 млн теңге төңірегіндегі дау: Таразда мердігер компания екі жылда екі-ақ үйге газ кіргізіп берген

Тұрғындар әкімдік ұсынған компанияның уәдесінде тұрмағанын айтты

 Ұлдана Жұбай 29.06.2022 | 16:51
22 млн теңге төңірегіндегі дау: Таразда мердігер компания екі жылда екі-ақ үйге газ кіргізіп берген
фото: Halyq Uni

Тараз қаласындағы Шаңырақ шағын ауданының тұрғындары газ кіргізіп беремін деп ақша жинап алып, бірақ сөзінде тұрмаған компанияға қатысты назын айтты. Олар әкімдік мақтап ұсынған соң 22 млн теңгені мердігер компанияға санап берген. Алайда, арада екі жыл өтті, бірақ кіргізілген газ жоқ, не берген ақшасы жоқ.

Осыдан екі жыл бұрын Шаңырақ шағын ауданындағы 200 ошақтың тұрғыны үйіне газ кіргіземіз деген үмітпен бір қуаныпты. Сол кезде қала әкімдігі тұрғындармен кездесу өткізіп, шенеуніктер мемлекеттік бағдарлама аясында екі-үш жыл ішінде газ кіргізіп беретінін айтыпты. Газ кіргізіп берумен айналысатын жеке компанияны да меңзеп, сол үшін ақша жинап беруді ұсынған. Халық әкімдіктің сөзіне сеніп, 22 млн теңге жинап беріпті. Алайда, екі жыл ішінде небәрі екі үйге газ кіргізілген.  

«Бір жарым жыл ішінде 8 үйге газ бергенін айтады. Бүгін заңгеріміз соны анықтап, нәтижесін шығарып берді. Мердігер айтқан 8 үйдің тек екеуіне газ заңды түрде тартылған. Биыл көмір алу-алмауды сұрағанда, қатты отынның орнына газ пайдаланатымызды айтты. Сонда біраз адам газ орнататын орын жайғастырып қойды. 400 мыңға шығындалып пешін орнатты. Бірақ қыс бойы көмір жағып шықты», - дейді Тараз қаласының тұрғыны Талғат Кеншімбеков.

Газ тарту үшін қазылған көше жиегіндегі құбырлар қараусыз қалған. Тіпті, адамның да, малдың да ары бері жүріп-тұруына кедергі келтіріп жатыр екен.

«Алғашқыда қуанған едік. Құбырларды орнату үшін жер қазып жатқанда да үміт болды. Бірақ жұмыстың бәрі орта жолда қалды. Қазылған жер қараусыз қалды, ой-шұңқырдың іші суға толды. Алдында осы шұңқырдың біріне адам түсіп кетіп, қайтыс болды. Бала-шағамыз да, қала берді көлігіміз де түсіп кетіп жатыр», - деді Айнұр Қабылова есімді тағы бір тұрғын.

Тұрғындар заңгер жалдап, құжаттарды қайта қарап жатыр. Заңгердің айтуынша, мердігер көпшілікпен келісіп жасаған келісімшартты уақытында орындамаған.

Келісімшарттың уақыты өтіп кеткен. Құжатта 2021 жылдың 21 қаңтарына дейін деп көрсетілген. Заң тұрғысынан қарағанда, сол ЖШС газды көрсетілген уақытқа дейін жеткізу керек болатын. Бірақ орындалмаған. Компанияның міндеттемелері бітті. Бұл жерде заңға қайшы жағдай болып тұр, – деді заңгер Саламат Дүйсенбеков.

Ал, компания басшысы тұрғындардан уайымға салынбай, сабырлық танытуды сұрап отыр. Оның сөзінше, жұмыстың көбі бітіп, азы қалған. Берілген уәденің уақытында орындалмауын сырттан әкелінетін құбырлардың кешігуінен көріп отыр.

«Қазір 20 шақырымдай құбыр бар. Жерасты жұмыстарының 60 пайызы бітті. Енді 10 шақырымдай құбыр жетпей тұр. Біз оны сырттан алдыртамыз. Өздеріңіз білесіздер, қазір сырттан зат алдыру қиын. Бастаған істі соңына дейін жеткіземіз. Тек тұрғындар сабырлық танытса дейміз», - деді ЖШС директоры Бауыржан Бозымбеков.

Тұрғындар компания басшысының уәжіне толық сенген жоқ. Егер биыл жылыту маусымына дейін газ кіргізіп бермейтін болса, компанияға қатысты нақты шара қолданатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама