×

«Оқушыларым 800 беттік кітапты бес минутта оқиды». Талдықорғандық зағип жүзуден жарысқа қатыспақ

Қос жанарынан айырылған Бауыржан тарих пәнінен сабақ береді

 Халық үні 29.06.2022 | 15:32

Талдықорғандық зағип жан Бауыржан Өмірәлі мұғалім болып, балаларды ерекше әдістемемен оқытып жүр. Айтуынша, оның оқушылары 800 беттік кітапты 5 минутта оқып, екі айдың ішінде шет тілдерін меңгере алады.

Адамның миы біз ойлағаннан да мықты әрі тез жұмыс істей алады. Екі көзбен жаттап, екі қолымен жазып, санасын оята алатын адамға шет тілін меңгеруге екі айдан артық уақыт қажет емес, - дейді Бауыржан.

Бауыржан Өмірәлі – 1989 жылы Көксу ауданы Балпық би ауылында дүниеге келген. Бала кезінен ашық-жарқын, пысық болып өскен. 26 жасында көзіне әйнектің сынығы кіріп, ота жасалады. Отадан кейін қос жанары көрмей қалған. Айтуынша, оның өмірге деген құштарлығы дәрігерлердің өзін таңғалдырып, Бауыржан ізденісін тоқтатпаған. Ота жасалып, қос жанарынан айырылса да, мойымай сол жылы-ақ магистратураға түсіп, оны оқып бітірген соң ұстаздық қызметін бастаған. Бес жыл тәжірибесі бар тарих пәнінің мұғалімі: «Балаңды вундеркинд қылғың келсе, аяма! Талапты күшейт! Оқушыға талапты жоғары қойғанда ғана нәтиже болады» дейді.

Бауыржан шәкірттеріне тіл үйрену үшін екі ай ғана уақыт беретінін айтады. Оның ойлап тапқан методикасын тіл үйренуге де, тарихтағы цифрларды есте сақтауға да, жылдам оқып, информацияны қабылдауға да қолдануға болады. Бүгінде оның шәкірттері 800 беттік кітапты 5 минутта оқып, оқығанын 90 пайыз түсініп, қорытып айтып бере алады және анализ жасайды.

«Бұл менің ойлап тапқан методикам мен арнайы техникаларымның арқасында жеткен жетістігіміз. Мен үшін әр бала вундеркинд. Тек оны шығара алу үлкен мәселе. Оған ата-анасымен қатар, баланың өзі де, ұстаз да барын салуы керек. Әрбір жетістіктің артында үлкен күш, зор еңбек тұрады. Егер ол еңбек үш жақты болса нұр үстіне нұр», - деген Бауыржан ұстаздықпен қатар, өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы мен мәселелерін көтеріп жүр.

Қоғамның саяси тыныс-тіршілігіне де белсене араласатын Бауыржан қазір Талдықорған қаласы әкімінің мүгедек жандар мәселесі жөніндегі кеңесшісі. Осы қызметінің аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың ғимараттарға кіріп-шығуына, қоғамдық орындарда еркін жүріп-тұруына мүмкіндік бар-жоқтығын тексереді. Сондай-ақ оларға құқықтық көмек береді. Бауыржанның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық орындарға, әкімшілік ғимараттарына кіріп-шығуына әлі де болса жағдай жасалмаған. Бірақ, мемлекет мүгедек жандардың қоғамнан оқшауланбауына мүмкіндіктер қарастырып қойған.

«Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттік квота арқылы жұмысқа тұра алады. Олардың жергілікті жерінің мәдени-рухани өміріне араласып, қатысып тұруы үшін тегін инватакси қызметі бар. Бірінші топтағы мүгедек жандарға Үкімет жеке көмекші тағайындап, оған еңбекақы төлейді. Айта берсек, көптеген мүмкіндіктер бар. Алайда, мүмкіндігі шектеулі адамдардың көбі өз құқығын біле бермейді. Біз командамызбен ондай адамдарға құқықтық, моральдық көмек береміз», - дейді.

Бауыржанның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдардың басты мәселелерінің бірі –  баспанаға мұқтаждық, жұмыссыздық. Сонымен қатар, өзінің ауруын қабылдай алмай, қоғамнан өздерін оқшаулап ұстайтын да психологиялық мәселелері бар екенін жасырмады. Мұндай адамдарға Талдықорған қаласында көмектесетін орталықтар бар.

Ал, Бауыржан үшін дамуға, қоғаммен араласуға ешқандай кедергі жоқ. Ол Талдықорған орталық бассейніне барады, жаттығу залында спортпен шұғылданады. Бос уақытында қолына кілт-сайманын алып, кір жуатын машинаны, тоңазытқыш пен микро толқынды пеш жөндейді.

Жүзуден жарысқа дайындалып жүрмін, спорт – денсаулығым үшін қажет, ал техниканы шашып-жинау – хоббиім деуге болады. Бұл істі өте қатты жақсы көремін, - дейді ол.

Бауыржан үйленген, бір баласы бар. Күйеуін үнемі қолдап жүретін Әдия Бауыржанның күтімі ерекше екендігін айтады. Ол дұрыс тамақтанып, денсаулығына ерекше көңіл бөледі екен. «Тамақты талғаммен ішеді, табиғи өнімдер тұтынады», дейді келіншегі Әдия Жұмабаева.

Бір-біріне сыйластықпен қарап, ұйып отырған Бауыржанның отбасы былтыр баспаналы болыпты. Бауыржанның айтуынша, ол тұрғын үй кезегін күтпей, ипотекаға үй алған. Сұқбат соңында, Бауыржан мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрғын үй кезегін күтіп жүрмей, «Отбасы банкі» арқылы екінші деңгейлі банктерден әлдеқайда төмен пайызбен баспаналы болуға шақырды.

Алматы облысы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 67580 адам. Оның 9340-ы балалар, 58240-ы ересектер.

Шынаргүл Оңашыбай, Жетісу облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама