Қазақ тілінде сұхбат берген Курчатовтың әкімі Олег Чугунков елдің алғысын алды

Дастан Жұмабекұлы

Ол тапсырманы тек мемлекеттік тілде ғана беретінін айтты 

фото: facebook.com

Курчатов қаласының әкімі Олег Чугунковтың шағын сұхбатының видеосы жарияланды. Бейнежазбаның авторы Сырым Кемелдің айтуынша, әкімнің өзі сұхбатты мемлекеттік тілде бергісі келген. Сұхбатта ол ойын таза қазақ тілінде орысша араластырмай еркін жеткізген. Онда ол Курчатовты дамыту бойынша алдағы жоспарын айтқан.

Қазір қаланы дамыту бойынша арнайы жоспар жасап жатырмыз. Бағдарлама - тұрғын үйлерді жаңартуға байланысты. Сондай-ақ су мәселесі, су тазалау мәселесін қарау керек және жол, жылыту мекемелерінің жұмысы бақылауға алынады. Қаланы көріктендіру жұмыстарын әрі қарай жалғастырамыз, - деді Олег Чугунков.

Сондай ақ ол қала тұрғындармен ай сайын кездесулер өткізіп тұратынын, әлеуметтік желіде халықпен тығыз қарым-қатынас орнатқанын атап өтті.

«Менен бастап барлық бөлім басшысы әлеуметтік желілерге, топтарға тіркелген», - деді ол. Әкімнің айтуынша, қазір бірінші кезекте қала басшылығының алдында жылу мәселесі, яғни қысқа дайындық мәселесі тұр.

Бірінші жылу мәселесі тұр. Ол шешілген соң, тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары басталады. Қазір үйлерді жөндеуді бастасақ, оларды жылуға қосуға мүмкіндік болмайды. Сондықтан бірінші жылыту мәселесін шешу керек, жаңадан жылыту қазандығын салу керек. Алдымен құжаттарын жасаймыз, сосын ақша бөлінген кезде салынады, - деді Олег Чугунков.

 Қазақ тілін үйрегеніңізге көп уақыт болды ма деген сұраққа ол:

Мен бұрыннан қазақша сөйлеймін. Кейде акцент болуы мүмкін, ол үшін еш ұялмаймын. Тілім жаттығу үшін қазақ жазушыларының еңбектерін оқуға барынша тырысамын. Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен өлеңдерінің біразын жатқа білемін. Естеріңізде болса ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында өлең оқу эстафетасына қатысқан болатынмын. Тағы бір айта кетерлігі, аппараттық жиналыстарды мемлекеттік тілде өткізуге тырысамын және тапсырмаларды қазақ тілінде беремін, – деді ол.

Әкімнің мемлекеттік тілде еркін сөйлей алатынын көрген желі қолданушылары оған мыңнан астам лайк басып, 800-ге жуық адам өз парақшаларында таратқан.