×

Заңсыз ағаш кесуге салынатын айыппұлдың мөлшері азаяды

Залалдың мөлшері 306 мың теңгеден 153 мың теңгеге дейін азайтылмақ

 Дәурен Ерболат 29.06.2022 | 12:10
Фото: vsegda-pomnim.com

Қазақстанда заңсыз ағаш кескенде салынатын айыппұлдардың мөлшерін азайту ұсынылды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстанның қылмыстық, қылмыстық-процестік және әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейтуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары таныстырылды.

Министр Серікқали Брекешев құжатта заңсыз ағаш кескенде салынатын айыппұлдардың мөлшерін азайту қарастырылғанын айтты.

Заңсыз ағаш кесудің тұрақты динамикасын ескере отырып, Заң жобасында мынадай көрсеткішті төмендету ұсынылады. Елеулі залал 100-ден (306 300 теңге, 1 АЕК – 3063 теңге) – 50 АЕК-ке (153 150 теңге) дейін, ірі залал 1000-нан 500 АЕК-ке дейін азайтылмақ. Ал аса ірі залал көрсеткіші өзгеріссіз қалады: 2000 АЕК (6 млн126 мың теңге), - деді басшы.

Оның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 324, 325, 326, 328, 329, 330 және 333-баптарындағы «экологиялық залал» термині «залал» деген ұғыммен ауыстырылғанын жеткізді.

«Себебі, қылмыстық заңнамада құқықтық анықтамасы жоқ. Қоғамдық қауіпті зардаптарды анықтауға қатысты ұғымдар Қылмыстық кодексте «ірі залал және iрi мөлшерде» және «ерекше iрi залал және аса iрi мөлшерде» деп бекітілген», - деді Серікқали Брекешев.

Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама